Денсаулық сақтау

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңы өз күшіне енді

Мариям Бапанова – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүйесі өзге елдердегі әріптестеріміздің тәжірибесі бойынша жасалынды. Ол үшін ортақ қор құрылады. Жалпы медициналық сақтандыруда екі көрсетілетін қызметтер пакеті болады. Алғашқысы ол базалық. Яғни барлық қазақстандықтар тегін ала алатын 6 қызмет түрі көрсетіледі. Екіншісінде сақтандыру қорына ақша төлеп отырған отандастарымыз бен шет елдіктер медициналық көмек ала алады.

Айта кету қажет, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша төлеу 2017-ші жылдың 1-ші қаңтарынан басталады. Бұл борыштан әлеуметтің 15 тобы босатылған. Олар үшін пайыздық төлемді мемлекет береді.

Мариям Бапанова – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

-Оған ақша аударудан халықтың 15 тобы босатылған. Оның 12-сі әлеуметтік аз қамтылғандар. Яғни мүгедектер, көп балалы аналар, жұмыссыздар зейнеткерлер. Жалпы кез-келген адам жеке сақтандыру компаниясына барып әлеуметтік медициналық сақтандыруды ала алады.

Жалпы теріскейліктер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді орынды дейді.

-Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені сен емделгенде денсаулығың сақтандырылған. Яғни қызмет түріне кепілдік бар деген сөз.

-Мен өзім екінші топтағы мүгедекпін. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мен үшін мемлекет төлейді. Ол әрине қуантады. Өте ыңғайлы жүйе болмақ.

Негізі әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін ақшаны қорға қазақстандықтар мен шетелдіктер ай сайын аударып отырады.

 

 

Риат Шони