Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ресейдің Қорған облысы СҚО-мен сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі нығайтпақшы

Сергей Чебыкин – Қорған облысы губернаторының орынбасары, РФ:

-Осыған дейінгі ауызша жасаған келісімдерімізді құжат жүзінде бекітіп, нақты іске көшетін кез жетті. Жақын күндері СҚ өңіріне Қорған облысының губернаторы келіп, жергілікті атқарушы билікпен және кәсіпкерлермен келісім шарт жасаспақшы. Осыған байланысты біз ертерек қамданып, нақты қай салада бірлескен кәсіпорындар құруға болатынын жіті талқылап алайық.

Жыл өткен сайын Қазақтан мен Ресейдің сауда-экономикалық қарым-қатынасы нығайып келеді. Ресми мәлімет бойынша, соңғы жылдары шекаралас өңірлер арасындағы тауар айналымы 15 пайызға өсіп, 15 млрд долларға жеткен.

Александр Яковлев – Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының сауда өкілі:

-Қазақстан аумағында 35 мың бірлескен шетелдік компания тіркелген. Оның 10,5 мыңы – ресейліктердікі. Қазақстан нарығында ГазПром, Русал, Лукойл, Камаз, Автобаз сынды ресейдің барлық ірі бизнестері бар. Жыл сайын ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасына 1,5-2 млрд АҚШ долларын құяды.

Солтүстікқазақстандық кәсіпорындар Ресей экономикасына 2015 жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда 4,5 есе артық инвестиция құйыпты. Жерлестеріміз көршілерден құрылыс материалдары мен агроөнеркәсіптік кешенге қажетті техникалар мен жабдықтарды көптеп сатып алған.

Мұхтар Манкеев – СҚО әкімінің орынбасары:

-Біз ресейлік кәсіпкерлерді қолдауға дайынбыз. Мына жиында аймақтағы басқармалар, кәсіпкерлердің мүддесі мен құқығыны қорғаумен айналысатын коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері отыр. Сіздер оңтайлы сәтті пайдаланып жергілікті мамандардан қажетті мәліметтерді ала аласыздар. Еліміздің 16 қаласында кәсіпкерлерге және инвесторларға қызмет көрсету орталықтары бар. Аталған ұйымдарда шетелдік инвесторларға кәсіпкерлікке қатысты барлық қызмет түрі көрсетіледі.

Отырыс барасында Мұхтар Манкеев Қазақстанда индустриалық-инновациялық бағдарлама, Бизнестің жол картасы сынды кәсіпкерлікті дамытуға арналған 60-тан астам қаржылай қолдау тетігінің бар екенін айтты. Кездесуде ашық диалог ұйымдастырылып, Қорған облысының іскер азаматтары кәсіпкерлер палатасы мен Даму қорының қызметкерлерінен бизнесті жүргізуге қатысты біраз мәліметтер жинақтады.

Андрей Кузенков – “Завод дорожной техники” Регион 45″ компаниясының коммерциялық директоры, РФ:

-Біздің компания жолдарды салуға арналған техникаларды шығарумен айналысады. Біз СҚО-да техникаларды шығаратын зауыт тұрғызғымыз келеді. Елдеріңізде бизнесті қолдауға жақсы жағдай жасалғанын білемін.

Ресейліктер алдағы уақытта Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды өздерінде енгізбекші.

Сергей Чебыкин – Қорған облысы губернаторының орынбасары, РФ:

-Ресейлік компаниялар Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отыр. Қазақстанда шынымен инвесторлар үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Салық жүктемелері жеңіл, оған қоса шетелдік қалталы азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алады. Біз бірлескен кәсіпорындар құрып, Ресей мен қазақстандық шағын және орта бизнесті бірлесе қолдап, алға бастырайық.

Жиында жақын күндері өңірімізге жұмыс сапарымен Қорған облысының губернаторы келетіндігі мәлімделді. Екі жақ бірігіп жиынтық құны 400 млн теңгенің келісім-шартына қол қоймақшы. Мөрмен бекітілетін құжаттар аясында экономиканың басым бағыттарында ортақ жобалар құрылып, жаңадан кәсіпорындар ашылуы мүмкін.

Берік Қасен