МТРА жаңалықтары

Ардагерлер ұйымдары атқарған жұмыстарын қорытындылады

Қазір аға буын өкілдері өздерінің белсенділігімен танылуда. Бүгіндері өңірімізде ардагерлер ұйымдарының құрамына 76 мыңнан астам адам кіреді. Өткен бес жылда бастауыш ардагерлер ұйымдарының жалпы саны 519-ға дейін қысқарған. Алайда, осы мерзім аралығында кәсіпорындарда 194 жаңа ұйым құрылыпты. Қарттарымыз қол қусырып жатпай, аймақтың дамуына өз үлестерін қосуда.

Ескендір Елеусізов – Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Аға буын өкілдері ешқашан қоғамдық-саяси оқиғалардан тыс қалған емес. Өздерінің бай өмірлік тәжірбиелеріне, білімдеріне, күш-қуаттарына, ақыл-ойларына сүйене отырып, Елбасының саясатын халыққа, әсіресе, жастарға жеткізіп, мемлекетіміздің дамып, көркеюіне ат салысып келеді.

Жиын барысында ардагерлер өздерін толғандырып жүрген мәселелерді де ортаға салды. Олардың кейбіреуі дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына наразы. Бұл мәселені облыс әкімі Ерік Сұлтанов бақылауға алатындығын айтты.
Сондай-ақ, аға буын өкілдерін жастардың соңғы кездері жұмысшы мамандықтарын аз таңдайтындығы алаңдатуда. Сондықтан, қариялар оларға кәсіп таңдауда көмектесуге әзір екендіктерін жеткізді.

Таңат Сүгірбаев – облыстық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі, «Асыл мұра» орталығының жетекшісі:

-Жастарымыз өмірдің келеңсіз жақтарына бет бұрмай адалдықты, адамгершілікті биік қойып, жақсы азамат болып өсуіне аға буын өкілдері тілектес. Жүрген жерімізде оларғат ақыл-кеңесімізді айтып, көмектесуді ағалық паразымыз деп санаймыз.

Жалпы ардагерлер мемлекеттегі әр үлкен істің басы-қасында. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаудағы олардың үлесі ерекше. Аға буын өкілдері ұзақ жылдардан бері өздерінің бай тәжірибелерін, білімдерін еліміздің дамуына, жас ұрпақтың ертеңіне арнап келеді. Мұны жиынға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов та атап өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Ардагерлер ағалық ақылдарымен ғана емес, нақты жұмыстарымен ұрпаққа үлгі. Биыл Ел тәуелсіздігінің 25 және облысымыздың 80 жылдығын атап өтеміз. Осы игі істердің басы қасында сіздер тұрдыңыздар.

Отырыс барысында облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы таңдалып, төрағасы қайта сайланды. Бұл лауазымды бұрынғыдай Ескендір Елеусізов атқара бермек. Жиында, сондай-ақ, Астана қаласында сәуір айында өтетін республикалық «Ардагерлер ұйымының» 7-ші съезіне қатысатын 5 делегаттың есімдері де белгілі болды.

 

Магжан Ахмадина