МТРА жаңалықтары

Жазда қаланы көмкеретін гүлдер жылыжайларда өсірілуде

Елена Широкорядова, “Коммунхоз-Петропавл” ЖШС гүл өсірушісі:

-Ақпанның бесінен бастап жәшікке себілген тұқым өскіндерін бөліп отырғызуды бастадық. Оларды енді жеке-жеке баптаумен айналысамыз. Мен үшін әр өскіннің әдемі гүлге айналғанын бақылау өте қызық.

“Коммунхоз-Петропавл” кәсіпорнының қызметкерлері мына өскіндерді қаңтардың 21-інде егіпті. Жылыжайдың ішінде пеш жағып, ауа температурасының үнемі +20 градус болғанын қадағалайды.
Мұндағылар гүлдерді суарып, баптап, арам шөбін жұлып егу маусымына дейін оларды аман-есен жеткізулері тиіс. Биыл қала бойынша жалпы аумағы 16 мың шаршы метр жерді көгалдандыру жоспарланған.

Антонина Сулеин – “Коммунхоз Петропавл” ЖШС техник-бағбаны:

-Біз тұқымдарды Мәскеуден алдырттық. Биыл 640 түп гүл екпекшіміз. Өсімдіктердің дені – петуния. Ол суыққа шыдамды. Әсіресе, біздің ауа райына төзімді келеді. Гүлдердің 20-дан артық түрі бар. Олардың түсі де сорттары да әр түрлі. Сонымен қатар, алисум, колиус, тагетис деген гүлдер бар.

Бұл өсімдіктер қаланың маңызды ғимараттарының жаны мен көше бойына егіледі. Қолда бар барлық гүлдерді отырғызу схемасы және орналастыру дизайны да алдын ала жасалған. Былтыр мынадай темір тұғырлардағы құмыраларға отырғызылған гүлдер орталық көшенің сәнін келтірген. Биыл мұндай ерекше дизайндағы көмкерулердің саны артпақ.

Бейбіт Смағұлов, «Коммунхоз Петропавл» ЖШС көгалдандыру бойынша учаске басшысы:

-Мысалы, биыл “Жеңіс “саябағы мен “Мәңгілік алау” жанына қызыл гүлдерді жұлдызша жасап отырғызамыз. Тоты құс, тырна мүсініндегі гүлдер де болады.

Көктемгі гүл отырғызу жұмыстарына “Коммунхоз Петропавл” серіктестігінен 30 адам жұмылдырылмақ. Гүл егу науқаны шаһарда мамырдың бесінде басталады.


 

Акбопе Танирберген