Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов солтүстікқазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Солтүстік Қазақстан облысы елімізде көп ұлтты өңірдердің бірі болып саналады. Оған біз мақтанамыз. Қазір барлық этнос өкілдері келісім мен бейбітшілікте өмір сүруде. Бұл солтүстікқазақстандықтар мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жемісті жұмысының арқасында. Осы үшін мен аталмыш институттың ардагерлеріне алғыс білдіремін.

Бүгінде өңірімізде 100-ден астам түрлі ұлт өкілі татулық пен достықта өмір сүруде. Кезінде Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан қазақ жеріне 100-мыңға жуық корей күштеп көшірілген екен. Қазіргі таңда облысымызда осы ұлттың 500-ге тарта өкілі тұрады. “Қазақстан корейлері қауымдастығы” СҚОФ төрағасы Евгений Хан қиын-қыстау кезде қазақ жұрты бізді сыртқа теппеді. Өздері жоқшылық тартып жүрсе де, қуғын көрген өзге ұлттарды бауырларына тартты. Сондықтан қазақ халқына алғысымыз шексіз дейді.

Евгений Хан – “Қазақстан корейлері қауымдастығы” СҚОФ төрағасы:

-Біз келесі жылы корей ұлтының Қазақстанда тұрып жатқандығының 80 жылдығын атап өтеміз. 1937 жылдары күштеп қоныс аударуда біздің ұлт қиын-қыстау кезді басынан өткерді. Қақаған қыста өмір сүру өте ауыр болды. Сол сәтте қазақтар нан бөлісіп үлкен көмек көрсетті. Мен сол үшін алаш жұртына алғысымды айтамын.

Бұдан соң кезек жас буынға да келіп жетті. Мижғона Нұралиева 15 жаста. Тәжік ұлтының өкілі бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде 9 сыныпта тәлім алады екен.

Мижғона Нұралиева – Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:

-Біз білетіндей әр отбасының өз шежіресі бар. Менің атам отбасымыздың тарихы жайлы көп мәлімет берген болатын. Оның айтуынша тағдырдың тәлкегімен ең алғаш рет біз Шымкент қаласына содан кейін Петропавлға қоныс аудардық.

Кездесу барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов бірқатар азаматтарды этникааралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен марапаттады. Қошеметке бөленгендердің бірі Зекаи Танрыкулу.

Зекаи Танрыкулу – “Түрік мәдениеті” қоғамдық қауымдастығының мүшесі:

-Келесі жылы біздің Қазақстанға келгенімізге 15 жыл болады. Бірақ мен өзімді осы елде туғандай сезінемін. Өйткені мұндай қонақ жайлылықты өзге елдерде кезіктіре қойған жоқпын. Қазақстанда біз өз тілімізде сөйлеуге, дәстүрлі мейрамдарымызды атауға барлық жағдай жасалған. Бұл әрине қуантады.

Жиын соңында барлығы естелікке суретке түсті.

 

 

Риат Шони