Қоғам

Алғыс айту күнін білім беру ұйымдары да тойлауда

10-шы сынып оқушысы Мирас Кенесары мектеп-интернатқа 8 жыл бұрын келген. Жеткіншек осында әркез өткізілетін мерекелік шаралардан шет қалмай, бойына сіңген өнерін көрсетуден тартынған емес.

Мирас Кенесары – Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының оқушысы:

-Бүгін 1-ші наурыз – Алғыс айту күні. Мейірімділік пен жақсылық жасайтын күн деп есептеледі. Біз Елбасымыздың қамқорлығына алғыс айтамыз.

Бұл күні оқушылардың ата-аналары да ескерусіз қалмай, мектеп басшылығы оларға алғыс хаттар табыс етті.
Еліміздің бірлігі мен татулығын нығайтуға бағытталған мейрамның лебізі әр сыныпта өткізіліп жатқан тәрбие сағаттарында да сезілді. Мысалға, мына сыныпта қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Самал Өскербаева оқушыларға Алғыс айту күнінің пайда болуын түсіндіріп, мән-маңызын ұғындыруда.

Самал Өскербаева – Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі:

-Біздің мақсатымыз – осы балалардың жан-дүниесіне ризашылықтың мәнін ұғындырып айту, қай уақытта алғыс айту керектігін түсіндірудеміз. Сондықтан, бұл мерекенің тәрбиелік маңызы зор.

Қазіргі таңда мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне 70-ке жуық педагог білім беруде.

 

 

Бакыт Садуакасов