МТРА жаңалықтары

Алғыс айту күні тойлануда

Бұл қойылым арқылы шараны ұйымдастырушылар сол уақыттағы көпшілік ұлттардың басынан өткен оқиғаны көрсетуге тырысқан.

Валентина Корнева – «Коперник» поляк мәдени орталығы төрағасының орынбасары:

-Бұл қойылымның мен анамның естеліктерінен алдым. Оның айтқандарын үнемі тыңдап жүретінмін. Олар Қазақстанға жер аударылған. Ешбір құжаттары жоқ, үй-күйсіз қалған өзге ұлт өкілдерін сол кездерде қазақ ауылдары жақсы қарсы алыпты. Кейін олардың көпшілігі осында қалып, жұмыс істеген. Сондықтан да осындай мерекенің бізде пайда болғанына ризамын.

80 жылдан астам уақыт бұрын елімізге 60-тан астам ұлт өкілдері қоныс аударыпты. Бұл мереке – сол кезеңде қазақ жерінде тоғысқан көптеген этностардың қазақ халқына деген шексіз алғысын, ризашылығын білдіретін күн.

Наиль салимов- облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі:

-Бұл мерекенің дәл Ассамблеяның құрылған күні тойлануы тегін емес. Өйткені, бұл бірегей институттың біздер үшін маңызы зор. Алғыс айту мейрамы қазақ жеріндегі тұрақтылық, татулық пен бірліктің жарқын белгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады деп ойлаймын.

Есенғали Ибраев – Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының президенті, РФ:

-Бұл уақытылы қабылданған мереке деп ойлаймын. Бұл – Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың достығын одан сайын берік ете түсетін, татулықты паш ететін жарқын күн. Бізде мұндай мейрам жоқ. Сондықтан, барлығын осы мерекемен құттықтаймын.

Жастар да елімізде мұндай мерекенің болуын заңды деп есептейді. Саида Бекбудидің ұлты – иран. Ол өткен жылы бізге «Серпін» бағдарламасы бойынша білім қуып келген.

Саида Бекбуди – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

-Бұл мерекенің маңызы зор. Келешекте өз ұлтымыздың тілін, мәдениетін ұмытпаймыз. Қазақстанда жаңа бағдарламалар жүргізілуде. Солардың арқасында тегін білім алып, жұмысқа тұруға мүмкіндік бар. Өзіңізді дамытуға жағдай жасалған.

Осы күні сахнадан түрлі ұлт өкілдерінің құттықтаулары естіліп, жиылғандар назарына концерт ұсынылды.

 

 

Магжан Ахмадина