Қоғам

Қызылжар ауданына қарасты Архангельское селосында көпұлтты Ткаченко әулеті тұрады

Тамара Ткаченко – Архангельское селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Біздің отбасы 1961 жылы Беларусиядан көшіп келді. Бізді сол кездегі заманның таршылығына қарамастан бауырына басқан жергілікті тұрғындарға алғысым шексіз. Содан бері осы Архангелка селосында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Петропавлдағы педагогикалық училишеде мұғалім мамандығын игердім. 72-ші жылы осында тұратын азаматпен тұрмыс құрып, екі ұл өсірдік. Қазір олар – әскери қызметкерлер.

Бүгін әулетте 1-ші наурыз Алғыс айту күніне арналған үлкен мереке.

Үйге келген қонақтар Тамара әжейдің бесбармағынан ауыз тиюде. Қазақтың ұлттың тағамын отанасы сүйсіне жасайды екен. Шаңырақ иелері мереке сайын дастарханға көрші-қолаң, туған-туыстарын шақыруды дәстүрге айналдырған. Айта кеткен жөн, Тамара Ткаченконың өзінен бөлек 4 сіңлісі бар. Олар да әпкелерінің жолын қуып ұстаздық қызметті таңдапты. Бір қызығы, нәзік жандылардың барлығы осы Архангельское селосына тұрмысқа шыққан. Беларусь қыздарының басы қосылса көңіл-көтеріп, ән салады.

Отағасы Владимир Ткаченко – шаруа адамы. Ол да талай жылдар ұстаз болып, қазір зейнетке шыққан. Азаматтың ендігі сүйікті жұмысы – гүл өсіріп, іс тігу. Қолы қалт ете қалса ағаштан түрлі бұйымдар жасайды екен.

Владимир Ткаченко – Архангельское селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Гүл өсіру менің хоббиім десем де болады. Өзіме бұл іс ұнайды. Үйдің ішінде жұпар иіс аңқып тұрғанды жаным сүйеді. Анда-санда мектепті сағынғанда ескі әріптестеріме барамын. Оқушылармен кездесіп, сабақтарын сұраймын.

Жазда көпұлтты Ткаченколар әулетінің қатары тағы да артпақ. Жанұяның үлкен немересі үйленбекші. Ол өзінің өмірлік жары ретінде қазақ қызын таңдапты. Жуырда қуанышты хабарды естіген ата-әжесі тойдың қамына бүгіннен кірісіп кетті.

-Архангелское – іргесі сөгілмеген, қазаны қайнаған елді мекен. Қазір мұнда 300-ден аса түтін болса, онда 14 ұлттың 1000-ға жуық тұрғын тату-тәтті ғұмыр кешуде.

 

 

Култанов Байболат