Спорт

Аққайың ауданында “Солтүстік-2016” қысқы ауылдық спорт мерекесі аяқталды

Дәл қазір алаңда көк жейдеде Аққайың мен ақ формада Айыртау құрамаларының аяқдоп шеберлері күш сынасуда. Бұл футзал ойынының үшінші туры. Яғни қажетті ұпайды иеленген құрама финалдық сынға шығады. Есеп 2-3 айыртаулықтар алда келеді. Жарыс қожайындарына қалайда болса қарсылас қақпаға доп дарыту керек. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда қорғаушы Уәлихан Мұхамадиев тоғыздықты дәл көздеп, есепті теңестірді.

Осылайша матча өз аяғына жетті. Тең дәрежеде аяқталған ойын аққайыңдықтардың келесі кезеңге өтуіне мүмкіндік берді.

Уәлихан Мұхамадиев – Аққайың ауданы құрамасының қорғаушысы:

-Кездесу өте ауыр өтті. Қарсылас команда мықты. Кешегі ойында біз Қызылжар ауданына есе жібергенбіз, ал оларды айыртаулықтар ұтқан болатын. Сол себепті бізге не тең ойнау қажет, немесе жеңу керек болды. Міне діттегенімзге жеттік. Алдағы ойында бар күшімізді саламыз.

Өкінішке қарай жартылай финалда аққайыңдықтар Мамлют ауданының спортшыларына есе жіберіп футзалдан 4-ші орынды қанағат тұтты. Ал бірінші орынды, тайыншалықтарды тізе бүктірген Қызылжар ауданының аяқдоп шеберлері иеленді.

Дәл қазір нәзік жандылар 2,5 шақырымдық эстафетаны бағындыруда. Бұл сында Аққайың ауданының намысын Әсем Назырова қорғауда. Нәзік жанды эстафетада төртінші, яғни мәре сызығын кесуші болып шығады екен. Әзірше жаттығу үстінде.

Әсем Назырова – жарысқа қатысушы, Аққайың ауданы:

-Қарсыластар мықты. Алтын алу қиындау болады. Бірақ тырысамыз.

Әсем Назырова бапкерлерінің арқалаған үмітін ақтады. Әріптестері эстафетаны бергенге дейін артта қалып келе жатса да, өзіне кезек келгенде алдына жан салған жоқ. Оқ бойы озып келіп, мәре сызығын бірінші болып кесті.
Әйелдер арасында эстафета аяқталды. Енді ерлер өзара бақ таластырмақ. Олардың әрбірі 5 шақырымды бағындырулары қажет. Бұл сында жарысқа алғаш рет қатысып отырғандар да бар.

Александр Терещенко – жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы:

-Жарыс жолағы жалпы жақсы. Аздап қар еріген. Сол қиындық туғызды. Мен бұл кезеңде екінші болып жүгірдім. Мәре сызығын 6-шы болып кестім. Енді командалық әріптестеріме сенемін. Жеңіске жетеді деген ойдамын.

Жалпы үш күнге жалғасқан шаңғы спортынан жарыс аяқталды. Төрешілер барлық протоколдарын санап, қорытындысында жариялады.

Владимир Щербаков – шаңғы жарысының бас төрешісі:

-Бүгінгі эстафетада Аққайың ауданы жеңіске жетті. Жарыс қожайындары жалпыкомандалық эстафетада алтыннан алқа тағынды. Күміс жүлдеге Ғ.Мүсірепов ауданы қол жеткізсе, үздік үштікті Шал ақындық ауданының спортшылары тұйықтады.

“Солтүстік-2016” облыстық қысқы ауылдық спорт мерекесінің жабылу салтанаты бастау алды. Ең әуелі жеке спорт түрлері бойынша жүлдегерлер мен жеңімпзадар марапатталды. Кейін жалпыкомандалық есептің де қорытындысы шығарылды. Қола жүлдені 139 ұпаймен Қызылжар ауданының спортшылары иеленді. Оларға диплом, кубок және 100 мың теңге көлемінде сертификат табысталды. Ал күміс медаль мен 200 мың теңге көлеміндегі сертификатты 149 ұпаймен Ғ.Мүсірепов ауданы қанағат тұтты. Сонымен “Солтүстік-2016” қысқы ауылдық спорт мерекесінің жеңімпазы 166 ұпай жинаған Аққайың ауданының құрамасы қанжығаларына байлады. Оларға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова кубок, диплом және де 300 мың теңге көлемінде сертификат табыстады.
Бұдан соң осындай іс-шараны жоғарғы деңгейде ұйымдастырғаны үшін Аққайың ауданына облыс әкімінің атынан орынбасары Анархан Дүйсенова “Газель” автокөлігінің кілтін табыстады.

Кейін “Солтүстік-2016” қысқы ауылдық спорт мерекесінің жалауы Айыртау ауданына берілді. Енді бұл жарыстар келесі жылы осы ауданда ұйымдастырылмақ.

 

 

Риат Шони