Денсаулық сақтау

Облыста былтырғы қазан айынан бастап 70 адам тұмауға шалдыққан

Юрий Пузиков – СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

-Облысымызда эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп айтуға болады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биыл жедел респираторлық ауру қоздырғышын жұқтыру 0,3 пайызға төмендеді. Алайда, күннің бірде жылынып, бірде салқындауына байланысты суық тигізу жағдайлары көбеюі мүмкін.

Мына вирусологиялық зертханада тұмаумен сырқаттанған тұрғындардың сынамаларына сараптама жасалады. Заманауи құрылғылардың көмегімен мамандар анализ қорытындысын бір күнде шығарады екен. Өткен жылдың бірінші қазанынан бастап ақ халаттылар аталған дертке шалдыққан 70 жерлесімізді анықтапты. Оның 68-і доңыз тұмауын жұқтырған. Дені – мектеп жасындағы балалар.

Әсел Қантаева – “Ұлттық сараптама орталығы” ШЖҚ РМК СҚОФ вирусологиялық зертхана меңгерушісі:

 

-Биыл еліміздің басқа аймақтары сияқты біздің өңірде де Н1N1вирусы тіркелді. Алайда, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Адам өзінің бойынан әлсіздік сезсе бірден дәрігерге қаралған жөн. Дер кезінде аурудың алдын алатын болса денсаулыққа ешқандай қауіп төнбейді. Мектептерде бөлмелерді жиі желдетіп, оқушылар медициналық маска кигендері абзал.

Айта кеткен жөн, өңірде 2015-2016 жылғы иммунизациялау науқанына жергілікті бюджеттен 45 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл сомаға 50 мың солтүстікқазақстандыққа тұмауға қарсы тегін вакцина қойылыпты.


Култанов Байболат