МТРА жаңалықтары

Діни үгіт-насихат жүргізетін топтардан сақ бол

Көбіне бұл арбауға оңы мен солын танымаған, жалғыздықпен күресіп жүрген жасөспірімдер ілігеді екен. Сол себепті, 22 жыл өтілі бар психолог Ирина Якимова оқушылармен жиі кездесіп, түрлі тренингтер өткізіп тұрады. Мұндай жүздесулер балалардың өмірге деген көзқарасының жақсы жаққа өзгеруіне, тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді дейді маман.

Ирина Якимова – СҚО білім басқармасының психологы:

-Мен балаларға белгісіз топтың тарапынан жасалатын манипулияцияға қалай түспеу керек екендігін түсіндіремін. Оларды қалыпты қарым-қатынастан қалай ажыратуға болатындығын айтамын. Бұл оқушылардың экстремизм мен терроризмнің қармағына ілігіп қалмауға, ақ пен қараны ажырата білуге көмектеседі.

Жалпы, біздің өңірде терроризмге қатысты оқиға тіркелмеген. Өйткені, бұл бағытта діни қызметкерлер, педагогтар мен психологтар, прокурорлар мен өзге де саланың мамандары белсенді жұмыс атқаруда.

Ирина Якимова – СҚО білім басқармасының психологы:

-Ғаламтордағы арбауды анықтаудың 3 жолы бар. Біріншіден, радикалды топтың өкілімен қарым-қатынас жасап отырған кезде өзіңді ыңғайсыз сезінесің. Екіншіден, ол сені басқаруды қолға алады. Үшіншісі, бұл уақыттың тапшылығы. Яғни, ол сенен тез арада жауап беруді немесе шешім қабылдауды талап етеді. Сондықтан, барлығына, әсіресе әлеуметтік желіде көп отыратын жастарға айтарым, осы ақпаратқа көңіл бөлсе екен деймін. Сонда ғана қоғам экстремистік іс-әрекеттен сақ болады.

Жалпы бүгінгі кездесуге 14 пен 16 жас аралығындағы 40-қа жуық оқушы қатысты. Осы орайда олар түйген-білгендерімен бөлісті.

Марина Казацких – №26 орта мектептің оқушысы:

-Діни сауатсыздық үлкен проблемаға әкелуі мүмкін. Терроризмнен алшақ болу қажет.

Аружан Сәрсембекова – №26 орта мектептің оқушысы:

-Бүгінгі жиыннан көп ақпарат алдым. Радикалды топтардың торына түспеудің амалдарын білдім. Жастарға пайдалы шара болды.

 

Айгерим Ержанова