МТРА жаңалықтары

СҚО Қызылжар ауданында жарамсыз азық-түліктер толы астыртын екі қойма табылды

Мысалы, мына печенье, школадтардың қолдану мерзімі 2012 жылы біткен. Ал қалбырларға салынған балық өнімдері 3 жыл бұрын айналымнан алынып тасталуы керек болатын. Ең сорақысы сол, астыртын қоймада кішкентай балаларға арналған тауарлар да жетерлік.
Заңсыз іспен Қызылжар ауданындағы “Север Торг СК” ЖШС-гі айналысқан.
Компания басшысының есімі – Шуми ИсАков. Бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Еркін Ғалиақпаров – СҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі:

– Астыртын қойманы бізге белгісіз адамдар хабарлап айтты. Біз ол жерге дереу жетіп, шынымен астыртын қойманың бар екендігін анықтадық.

Өкінішке қарай, жарамсыз тауарлар өңірдегі сауда нүктелері мен білім ошақтарына таратылған. Және олардың тұтынушыларға қашанан бері сатылып келгені белгісіз.

Нұрлан Сапаров – Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:

– Мұндағылар жарамсыз тауардың шығарылған күні мен сақталу мерзімін өшіріп, орнына жаңа қағазды жапсырып отырған. Бұл тауарлар облыс орталығындағы мектеп, колледж, дәмханалар мен өңірдегі барлық супермаркеттерге үздіксіз жеткізіліп тұрған. Қазір біз осы өнім түрлері саудаланған мекемелерде тексеріс жүргізіп жатырмыз. Жарамсыз өнім табылса, бірден тәркіленіп жойылады.

Жарамсыз өнімдер Ресейдің түрлі аймақтарынан әкелінген. Мысалы, 20 тонналық мына жүк фурамен Қорған облысынан бүгін жеткізілді.

Данияр Қасымов – СҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы экономикалық қылмыстарды ашу жөніндегі бөлімнің бастығы:


– Мына заңсыз жүк бүгін РФ-ның Қорған облысынан жеткізілді. Жүргізуші бұл жерде тәртіп сақшыларының жүргендігін байқап, бірден ізін суытпақ болды. Бірақ біз оны дер кезінде ұстап, құжаттарын тексердік. Тінту барысында мынадай ірімшіктер табылды. Бұл өнімнің Калужская облысындағы зауытта жасалған. Қаптамада ақпанның 25-і шығарылған деп жазылып тұр. Шын мәнісінде, бұл ірімшік бүгін жасалған жоқ.

Алдын ала болжам бойынша, Бескөлдегі екі астыртын қоймада 5 адам жұмыс істеген. Мұнда тоңазытқыштар, бірнеше контейнер мен бұйымдар табылды. Скоч, желім, сандарды басатын мөрлер және ацетон тағы бар.

Енді бұл іс-әрекеті үшін “Север Торг СК” серіктестігінің басшысы Шуми ИсАковқ қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Берік Қасен