МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданында “Қызылжар жарқын әлем” балалар қайырымдылық қоры ашылды

Аудан әкімі Болат Жұмабеков куәсіпкерлерге “Қызылжар Жарқын Әлем” балалар қайырымдылық қорын таныстырды. Әлеуметтік жауапкершілігі мол кәсіпкерлер осы қор арқылы балаларға қол ұшын бермек.

Руслан Растенов – Қызылжар ауданы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі:

– 2015-ші жылы ауданда “Жарқын әлем” деп аталатын әлеуметтік жоба құрылған болатын. Ол 5 бағыт бойынша іске асырылуда. Соның бірі – балалардың қайырымдылық қорын құру. Мұнда біз мүмкіндігі шектеулі балғындарға арнап қаражат жинаймыз. Игі іске кәсіпкерлерді тартып отырмыз.

Отырыс барысында Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд селолық округында тұратын Мирас Есентеміров жайлы да сөз қозғалды. 6 жасар бала туғаннан мүгедек екен. 7 бірдей ауруға шалдыққан балғын Петерфельд елді мекенінде аумағы 26 шаршы метр болатын үйде тұрады. Жанұя тек отағысының қолына алатын 35 мың теңге айлығына күн көріп келеді. Бұл проблеманы естіген жеке кәсіпкер Анатолий Никишин Мирас Есентеміровке қолынан келгенше көмектесетіндігін жеткізді.

Анатолий Никишин – “Никишин” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Біздің Петерфельдте мүмкіндігі шектеулі 8 бала тұрады екен. Жеке өзім оны бүгін ғана естідім. Солардың бірі – Мирас Есентеміров. Мен ол жайлы ести салысымен еш ойланбастан көмектесуді жөн санадым. Себебі, ол менің қолымнан келеді. Енді оған ай сайын 25 мың теңге маңайында стипендия төлеп отырамыз.

Бүгінгі кездесуге Вера Коваленко да қатысып отыр. Белое селосында тұратын нәзік жандының жалғыз қызы бар екен. Өкінішке қарай, тағдырдың жазуымен бауыр еті баласы туғанынан мүгедек. Эпилепсия ауруына шалдыққан және дүниеге келгеннен бір көзі жоқ екен. Нәзік жанды қайырымды жандардан көмек болса деген ниетте.

Вера Коваленко – ата-ана, Қызылжар ауданы:

– Қазір балаларға арналған ортопедиялық құралдар қымбаттап кетті. Қызым өскен сайын үлкендеу аяқ киім керек. Бұрындары мен 25 мың теңгеге алатын болсам, қазір 40 мың теңге көлемінде тұрады. Шамам келгенше несие алып, барлық ем-домдарына апарып жүрмін. Бірақ, қолынан келетін жандардан көмек болса деген ниеттемін.

Жиын соңында жергілікті кәсіпкерлер “Қызылжар Жарқын Әлем” балалар қайырымдылық қорына 200 мың теңгеге жуық қаржы аударды.

Риат Шони