Спорт

Жерлес акробатшылар әлем чемпионатына жолдама алды

Бұл спортпен олар 4 жастарынан айналысады екен. Алғашында екеуі де жекелей өнер көрсеткен. Бірақ осыдан 4 жыл бұрын Настя мен Александр жұптасып, түрлі жарыстарға бірге қатыса бастады. Бүгінде қос спортшы өз салаларында мықты деп танылып, акробатикадан ел құрамасына ілікті.

Александр Зотов – спорттық гимнастикадан спорт шеберіне үміткер:

– Жарыста біз қарсыластарымыздың нөмірін қарамауға тырысамыз. Мұндай маңызды додада көңіл-күйімізді түсіргіміз келмейді. Бірақ әр сайыста барлығын тиянақты етіп шығаруға тырысамыз. Ол үшін бар күшімізді салып, жаттығамыз. Бұл спорт түрінде шалыс басуға болмайды. Төрешілер барлығын қарап отырады. Егер де аяғыңды немесе қолыңды дұрыс бұрмасаң ұпайыңды алып тастайды.

Алматыда өткен сайыста жерлестеріміз 3 түрлі композициямен шықты. Техника мен әртістік қабілетті бағалайтын қазылар алқасы жерлестерімізге жоғары ұпай қойыпты.

Анастасия Бейсембаева – спорттық акробатикадан спорт шеберіне үміткер:


–  Біз 3 композициямен шықтық. Қойылымымызды Омбы қаласына барып әзірледік. Өзімізде ондай мамандар жоқ. Кейін осында келіп дайындалып, нөмірімізді шыңдадық. Жарыс алаңына шыққанда бар өнерімізді салып, жеңіп шығуға тырыстық. Әлем чемпионатына жолдама алдық. Қазір күн сайын 3 сағаттап қызу дайындық жүргізудеміз.

Чемпион атағын бұл жұп бірнеше мәрте иеленген. Тіпті екі жылда бір рет өткізілетін әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғап та келген.

Андрей Емпольский – СҚО акробатикадан аға жаттықтырушысы:


–  Бұл екі спортшы 2014-ші жылы Францияда өткен әлем чемпионатына қатысып келді. Мықты деген елдердің спортшыларын көріп, тәжірибе де жинап қайтты. Науырз айында,міне, тағы да ел құрамасымен Қытайға жол жүреді. Жеңіспен оралады деген сенімдемін.

Жалпы бүгінде акробатика мектебінде 270-ке жуық тәрбиеленуші мен 8 бапкер бар.

–  Сондай-ақ жерлес спортшыларымыз ақпанның 16-сы мен 21-і аралығында Павлодар қаласында батут пен акробатикалық жолда секіру жарысына қатысып келді. Республикалық сайыста өңіріміздің 12 акробаты жүлделі 4 орынды иеленіп, жалпы командалық есепте 1-ші орынға тұрақтады.

Риат Шони