МТРА жаңалықтары

Өңірде “WorldSkills Kazakhstan-2016” байқауының облыстық кезеңі өтуде

Өңіріміз де үздіктердің байқауынан қалыс қалып жатқан жоқ. Бүгін басталған аймақтық кезеңде 8 аталым бойынша өңір колледждерінің 50-ден артық студенті бақ таластырмақ. Олар – аспаз, сылақшы, дәнекерлеуші, метал жонушы, кірпіш қалаушы мамандықтарын меңгеріп жатқан жастар. Барлық қатысушыларға облыс әкімінің атынан орынбасары Анархан Дүйсенова сәттілік тіледі. Мамыр айында Астанада өтетін республикалық кезеңге жолдаманы өңір намысын қорғайтын лайықты маманның жеңіп шығатынына сенім білдірді.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

– Біз жастардың алдыңғы қатардан көрінетініне сенім білдіреміз. Олар біздің келешегіміз. Сәттілік тілеймін.

Жиыннан кейін қатысушылардың барлығы өз мамандықтары бойынша жеке-жеке зертханаларға бөлінді. Мына жерде 8 болашақ аспаз бар өнерлерін ортаға салады. Олар байқау шарты бойынша 3 жарым сағатта сорпа, екінші тағам және десерт әзірлеулері тиіс. Оларға керектінің барлығы алдын ала дайындалып қойылған. Жеңістен үміттілердің бірі – Вячеслав Зеников. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің соңғы курсында оқып жүрген ол қала мейманхаларының бірінде аспаз болып еңбектенуде.

Вячеслав Зеников, Петропавл құрылыс-эконимикалық колледжінің студенті:


– Фантазияға ерік беріп, ащы мен тұщыны біріктіріп дәмді ас әзірлеуге болады. Бұл мамандық осынысымен ұнайды. Былтыр дәл осы конкурста жеңіске жеткен Артем Ивановпен бірге жұмыс істейміз. Сол себепті де үздік атанатыныма сенім мол. Қазір бірінші тапсырма бойынша картоп сорпасын әзірлеймін. Екіншіге не жасайтынымды әлі ойластырып үлгермедім. Шарт бойынша міндетті түрде құрамында киви жемісі болуы керек.

Мына шеберханада дәнекерлеушілер сынға түседі. Олар берілген тапсырманы 2 жарым сағатта орындаулары тиіс.

Ал, келесі бөлмеде тас қалаушылар жиналған. Ең күрделі тапсырма да осыларда. Олардың жұмыстары екі күнге созылмақ. Жас шеберлер кірпіштен «Экспо-2017» көрмесінің логотипін салулары тиіс. Жеңімпаздар “WorldSkills Kazakhstan-2016” республикалық жобасына жолдама алады.

Акбопе Танирберген