МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында диірмен кешені іске қосылды

“Богатырский продукт Север” ЖШС-нің базасында құрылған диірмен кешені тәулігіне 150 тонна бидайды тазалап, одан ұн үгуге қауқарлы. Бұл кәсіпорын мемлекет қолдауы аясында ашылды. Дәлірек айтсақ, компанияға “Өндіріс” бағдарламасы аясында арзан несие беріліп, оған қоса “Даму” қоры заемға кепілдік ұсынған. Ал облыстық әкімдік инженерлік-инфрақұрылымдық желілерді тартып беру жағынан қол ұшын берген.

Жаңадан іске қосылған ұн үгу цехы тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істемек. Ол үшін бүгінде компаниядағылар өңірдегі 10 бірдей агроқұрылым басшысымен келісім шарт жасасты. Осылайша диқандар 3-ші және 4-ші сыныпты бидайды үздіксіз жеткізіп тұрмақ.

Вячеслав Волохин – “Богатырский продукт Север” ЖШС “Ұн үгу диірмен кешені” жобасының жетекшісі:

– Диқандарға бидайды өткізетін жер керек. Ел нарығында ұн жетіспеушілігі болмауы тиіс. Менің ойымша, келешекте кәсіпорынның қуаттылығы артып, біз ел нарығын ғана емес, сонымен қатар шетел нарығын да ұнмен қамтуға мүмкіндігіміз жетеді.

Мұндағы технологиялық процесс толығымен автоматтандырылған. Кешенді бір компьютердің көмегімен қашықтықтан басқаруға болады.

Сергей Галкин – “Богатырский продукт Север” ЖШС “Ұн үгу диірмен кешенінің технологы:

– Мұнда жоғары сұрыпты, бірінші, екінші сұрыпты ұн шығарамыз. Қондырғылардың барлығы Түркия елінен алынды. Жоғары технологиялы қондырғылардың сапасы жақсы. Бидайды жуып, тазалап, оны жақсы үгеді.

Өнім неғұрлым сапалы болса, соғұрлым өтімділігі де жоғары болмақ. Мұнда заманауи зертханасы бар. Бүгінде “Богатырский продукт Север” кәсіпорны Орта Азия елдерімен ұнды экспорттау жөнінде келісім шарт жасасыпты.

Берік Қасен