Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуі өтті

 

Ендігі кезек өңір жетекшісіне келіп жетті. Маңызды басқосуға халық көп жиналды. Бірінші атқарылған шаруа таразыланды. Ең бастысы өңір инвестиция тартуда республикада 1-ші орынға тұрақтаған. Негізгі капиталға құйылған қаржы көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 28,4 пайызға артып, 154 млрд теңгені құраған. Өңіріміз жыл сайын республика үшін жоғары сапалы астықтың үштен бірін өндіреді. Алайда ендігі уақытта ата кәсіп- мал шаруашылығын дамытуға басымдық берген жөн. Ол ауылдағы ағайынды жыл бойына жұмыспен қамтуға септеспек. Тағы бүгіндері бізде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісі ақсап тұр. Егер 2015 жылы 1 млрд теңгеден астам соманың 5 жобасы жүзеге асса, биыл бұл көрсеткіш біршама артуы тиіс.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

– 2016 жылы майлы дақылдарды қайта өңдеу жөніндегі 2 ірі жоба жүзеге асырлмақ. Оның бірі Тайынша ауданында болады. Ол «Эфко» компаниялар тобының жобасы. Майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауттың қуаттылығы жылына -330 мың тонна. Екінші жоба Петропавлда іске аспақ. Оның қуаттылығы жылына 500 мың тоннаны құрайтын болады. Тағы Ғ.Мүсірепов ауданындағы астықты терең өңдеп, ұн, крахмал, глютен және жемазық алатын өндіріс. Жалпы мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісі бойынша кей аудандардан бір-екі жобадан ғана ұсынылыпты. Ол М.Жұмабаев, Есіл және Қызылжар аудандары. Сондықтан аудан басшыларына белсендік танытуда тапсырамын.

2015 жылы бастау алған индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында өңірде көлемі 100 млрд теңгеден асатын 60-тан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның 15-і өткен жылы пайдалануға беріліпті. Олардың арасында теріскейде бұрын соңды болмаған кәсіпорныдар да бар. Былтыр өндірісі тұралап қалған зауыттардың жұмысын қайта жандандыруға да көңіл бөлінген. Бұл шаруа 2016 жылы да жалғасын тауып, 12 кәсіпорынның бойына қайтадан қан жүгірмек. Облысымызда кәсіпкерлік саласын дамытуға да басымдық берілуі тиіс. Осы ретте әсіресе, туризмді өркендетуге назар аудару маңызды.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

– 2015 жылы туризм саласын дамытуға 876 млн теңге инвестиция бағытталды. Бізде бірқатар жаңа базалар ашылды. Біз әсіресе, Айыртау ауданын осы бағытта пайдалануымыз керек. Ағымдағы жылы осы бағытта бірқатар іс-шаралар өтеді.

Солтүстікқазақстандықтарды баспанамен қамту мәселесі де әкімнің есеп беру кездесуінде назардан тыс қалмады. 2015 жылы облысымызда 140 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа беріліпті. Автомобиль жолдарын жөндеуге биыл 5,6 млрд теңге қаржы бөлген. Оның арқасында 360 шақырым жол қалыпқа келтірілмек. Бұдан кейін кезек тұрғындардан хат арқылы түскен сұрақтарға келіп жетті. Олардың көбі жол жөндеу, ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандарды қалыпқа келтіруге қатысты болды. Тағы бір өтініш Аққайыңдықтардан келіп жетіпті. Онда еңбекақы бермей, халықты қанқақсатқан «Трансавто» серіктестігі туралы айтылған.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

– Кәсіпорын меншігінде 159 мың га жер бар. Алайда олар дұрыс жұмыс жасамайды, оның үстіне еңбеккерлерінің маңдай терімен тапқан қаржысын төлемейді. Жалақылары да мардымсыз небәрі 29 мың теңге. Сондықтан біз қазір барлық заң шеңберінде олардан жерді алуымыз крек. Биыл 25 мың гектар жерді аламыз деген ойдамын. Бұл жұмыстар жалғасады.

Кейін кезек залда орнатылған микрофондар алдына тізілген солтүстікқазақстандықтарға берілді.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

– Аудандық аурухананың хирургиялық бөлімшесі ағымдағы жылы жөнделеді. Оған 73 млн теңге бөлінетін болады.

Бұдан кейін солтүстікқазақстандықтардан жол жөндеу, зиянкестермен күресу және ауылдық жерлерде футбол алаңдары мен жаттықтыру құралдарын тұрғызуға қатысты сауалдар түсті. Кездесуде ауыз су мәселесінің шешілуін сұрап келген азаматтар да болды.

–  Бізге су керек. Ауыз су мәселесі шешіледі ме?


Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

– 50 млн теңге бөлінеді.

Фаиль Шайгатаров-еңбек ардагері

– Әкіміміз жақсы. Көптеген жұмыстар жасап жатыр. Әсіресе спорт саласына үлкен көңіл бөледі. Соның арқасында жастарымыз бос сенделмей, спортпен шұғылданады. Спорт сарайы ашылып, хоккей командасы жасақталды. Жерлестерімізді қолдауға барып тұрамыз.

Магжан Ахмадина