МТРА жаңалықтары

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Көбі вахтер, күзетші, жүргізуші, даяшы сынды жеңіл жұмыстарды іздеп келіпті. Араларында педагогтар бар.

Людмила Шеремет:

– Бірнеше ай жұмыссыз жүрмін. Балабақшаға тәрбиеші болып орналасқым келеді. Жұмыс берушіге телефон нөмірімді қалдырып кеттім. Бірақ олар мені жұмысқа қабылдамайтын шығар. Өйткені менің жасым 50-ден асты.

Осы күні ондаған азамат тиісті мекемеге “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасына қатысуға өтініш берді. Олар тұрақты табыс табу үшін қайта даярлау курстарынан өтеуге әзір.

Андрей Богомолов:


– Менің мамандығым темір ұстасы. Осыған дейін “ЗИКСТО” АҚ-да вагондарды құрастырдым. Белгілі бір себептермен жұмыстан қол үзіп қалдым. Бүгін жәрмеңкеге келіп, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында дәнекерлеуші мамандығын меңгеру жөнінде өтініш бердім.

Шараға облыс орталығынан 20 кәсіпорын өкілдері қатысып, азаматтарға 150 бос жұмыс орнын ұсынып отыр.

Ғалия Сабитова – Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмыспен қамту секторының меңгерушісі:

– Қаңтардың 27-сі өткен жәрмеңкеде 20 кәсіпорын тұрғындарға 200-ге жуық бос жұмыс орынын ұсынған болатын. Ол жәрмеңкеге 500 адам қатысты. Сол күні 50 адам қоғамдық жұмыс орындарына жіберілді. 15-і қайта даярлау курстарына жазылды.

Қазіргі таңда еңбек нарығында педагогтар мен техникалық мамандықтар тапшы. Өкінішке қарай, жәрмеңкеде қос тараптың сұранысы мен ұсынысы сәйкес бола қоймады.

Берик Касен