МТРА жаңалықтары

Петропавлда 4 жұлдызды “Green wich” қонақ үй кешені ашылды

4 жұлдызды “Green which” қонақ үй кешенінің ішкі дизайны атына сай, жасыл түспен көмкерілген. Айта кету қажет, мұнда қабырғаларда мүк өседі. Бұл өсімдік мұнда арнайы Норвегия елінен әкелінген. Петропавлда биыл ашылған алғашқы қонақ үй кешенінде 32 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал мұнда келген меймандарға 4 санат бойынша қызмет көрсетіледі.

Анар Шаймұқанова – “Green which” қонақ үй кешенінің басқарушы менеджері:

– 4 жұлдызды “Green which” қонақ үй кешенінде 40 бөлме бар. Бөлме құнына таңғы ас кіреді. Кешеннің дизайны ерекше. Мұнымен елімізге әйгілі Сергей Филатов студиясы айналысты.

Айта кету қажет, нысанның құрылысымен көкшетаулық “KGS company” серіктестігі айналысты. Қонақ үйде 20 адамға арналған мәжіліс залы да бар. Ішіндегі интерьер тапсырыс бойынша жасалынған, яғни жиһаздар, аспалы шамдар мен түрлі дүниелер Петропавлда тек осы ғимаратта ғана бар.

Анар Шаймұқанова – “Green which” қонақ үй кешенінің басқарушы менеджері:

– Біз картиналарды арнайы тапсырыс бойынша салдырдық. Бұлардың ерекшелігі суретші қолын қағаздан алмай салған. Яғни, бір сызық жасаса соны үзбей жалғастыра берген. Бұл – қиын жұмыс.

Қонақ үйдегі бөлмелердің дизайны да ерекше. Перделер күннен қорғайтын маталардан тігілген. Ал төсек-орын болса 5 жұлдызды қонақ үйлерге арналған екен. Нысан ішімен толық танысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірімзге инвесторларды тартуда, сонымен қатар туризмді дамытуда қонақ үйлердің маңызы зор екендігін атап өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Биылғы жылы бізде тағы 3 қонақ үй ашылады деп жоспарлануда. Мұнда енді жерлестеріміз ғана емес шет елден келген меймандарда тұрады. Қазірг өңірімзге қызығушылық танытқан инвесторлар көбейіп келеді. Былтырғы жылы біз облысымызға инвесторларды тарту бойынша республикада көш бастадық.

Айта кету қажет, қонақ үйдің астыңғы қабатында меймандардың демалуына ерекше жағдай жасалған. Мұнда сауна, тренажер залы, караоке және бильярд бар.

Риат Шони