МТРА жаңалықтары

Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту

Нанның соңғы партиясы пісірілуге дайындалып жатыр. Манарбек Қозбақов осында наубайханашы болып істейді. Алаяқтық жасаған қарағандылық 3 жылға жуық уақыт абақтыда отыр.

Манарбек Қозбақов- Ес 164/3 түзету мекемесінде жазасын өтеуші, наубайханашы:

– 2 жылдан астам уақыт осында жұмыс істеп жатырмын. Өзіме ұнайды. Айлықты уақытылы алып тұрамыз. Алған жалақымыздың 50 пайызы борышымызды өтеуге кетеді. Қалғанына осы жердегі дүкеннен керек-жарағымызды аламын.

Манарбек Қозбақов сынды осы жерде тағы 15 жазасын өтеуші еңбек етеді. Олар күніне 1500 бөлке нан пісіреді. Мұнда наубайханадан бөлек, макарон цехы да бар.

Амангелді Сүлейменов- ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түзеу мекемелерінің «Еңбек» ШЖҚ РМК «Еңбек-Қызылжар» филиалының №3 өндірістік учаскесінің шебері:


–  Макарондарды біз тапсырыстар бойынша дайындаймыз. 1-ші, 3-ші және 6-шы колонияларға істейміз. Мына макарон жасайтын құрылғымыз ескі болған. 2014 жылы жаңасын алдық. 5 түрін жасаймыз. Жыл басынан 7-8 тонна өнім жасадық.

Жалпы бүгіндері өңіріміздің түзету мекемелерінде 2 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Солардың 1100-і жұмысқа жарамды жандар болса, соның 193-і еңбекпен қамтылған. Бір кездері аяғын шалыс басып, абақтыға тоғытылғандар осылайша мемлекет алдындағы өтелмеген қарызын жабуда. Жұмыс берушілер негізінен сондай жандарды еңбекпен қамтуға тырысады.

Айдын Макенов- ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түзеу мекемелерінің «Еңбек» ШЖҚ РМК «Еңбек-Қызылжар» филиалы директорының орынбасары:

 


– Бізде қазір қазандық және су беру цехтары бар. Тағы макарон, нан пісіретін жерлер бар. Тағы осы сотталғандарға аяқ киім тігетін цехтар жұмыс істейді. Келешекте қызметкерлерге де киім тігетін боламыз.

Тағы жазасын өтеушілер арасында темір мен ағаштан түйін түйген шеберлер де кездеседі. Олар үшін арнайы цехтар жұмыс істейді. Келешекте кәсіпорынның қуатын арттырып, жазасын өтеушілерді көбірек еңбекке тарту жоспарда бар. Ал сотталғандардың өнімдерін тек түзету мекемелдеріне ғана емес, жеке тапсырыстар бойынша дайындау көзделген. Жалпы өткен жылы «Еңбек-Қызылжар» кәсіпорыны 180 млн теңгедан астам сомаға өнім шығарыпты.

Магжан Ахмадина