МТРА жаңалықтары

Тәртіп сақшылары қаламыздағы бірқатар нысандарды террорлық іс-әрекеттерден сақтандыруда

Камералар орнатылып, оқушылар мен мұғалімдер толық бейне бақылауға алынған. Дәл кіреберісте күзетші отырады. Ғимарат талапқа сай қоршалған. Сол себепті, сырттан келетін қауіптің орын алуы да екіталай. Жалпы бүгінде өңір полицейлері сақтық шараларын күшейту мақсатында мемлекеттік және жеке меншік мекемелерде арнайы тексеріс ұйымдастыруда.

Спартак Қабденов – СҚО ІІД аса маңызды істер жөніндегі аға жедел өкілі:

– Бүгінгі күні ІІ органдары террористік тұрғыда осал нысандар тексеріліп жатыр. Қазір облыс орталығында 30-ға жуық ғимарат тексерілді.

Жыл соңына дейін тәртіп сақшылары облысымызда 700 нысанды арнайы тексерістен өткізбек. Оның ішінде қонақ үйлер, мейрамханалар мен сауда нүктелері де бар. Талапқа сай болмай шыққан жеке меншік ғимарат иелеріне 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, полицейлер лаңкестікке қатысты жалған ақпарат таратқан азаматтарға да жаза қолданылатынын ескертеді. Өткен жылдың өзінде ғана өңірімізде мұндай фактінің 5-уі орын алған.

Спартак Қабденов – СҚО ІІД аса маңызды істер жөніндегі аға жедел өкілі:

– Өткен жылы жалған терроризм фактілері бойынша облысымызда 5 факті тіркелді. Оның барлығы да ашылды. Яғни, телефон шалған кісілер ұсталды. Тиісті сот шешімі де шығарылды.

Террорлық іс-әрекетке қатысты жалған ақпарат таратқандар заң алдында қатаң түрде жауап береді. Ондайлар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

 

Айгерим Ержанова