Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл “Avagro” ЖШС ауыл шаруашылығына қажетті 70 бүріккіш техниканы шығарған

Жақында зауыт қызметкерлері химиялық өңдеуге қажетті қосалқы құрал-саймандарды құрастыруды да қолға алған.

Николай Ерохин – “Avagro” ЖШС директоры:

– Өткен жылы “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы аясында жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен 3 жылға жеңілдетілген несие рәсімдедік. Екінші деңгейлі банктен алынған 50 миллион теңге заем өндіріс көлемін арттыруға бағытталды. Осы арқылы жұмысшылар санын қысқартпай, бұрынғы қалпында сақтап қалдық.

Бүгінде жергілікті кәсіпорында еңбектенетін 50 жұмысшы атқаратын қызметіне қарай 80 мың мен 100 мың теңге маңайында жалақы алады. Зауыт ішіндегі қарбалас тіршіліктен білікті мамандар мен қызметін жаңадан бастаған жерлестерімізді де кезіктіруге болады. 30 жасар Дмитрий Евсеев, серіктестікке қырнаушы-құрастырушы болып жұмысқа тұрғанына айға жуықтапты. Жерлесіміз бұл жерде “тәжірибе жинақтап, ұшталамын” деген маманға бар мүмкіндіктің жасалғандығын айтады.

Дмитрий Евсеев – “Avagro” ЖШС қырнаушы-дәнекерлеушісі:

– Жұмыс жағдайы көңілімнен шығады. Күн сайын кәсіпорынның автобусы таңертең жұмысқа алып кетіп, кешке үйге әкеліп тастайды. Түскі асымызды осында ішеміз. Дәл қазір біздің бригада бүріккіштерді соңғы тексеруден өткізіп жатыр. Кейіннен дайын өнім тапсырыс берушіге жөнелтіледі.

Айта кетейік, мұндағы кәсіпорыннан шыққан бүркуіштер мен құрал-саймандарды еліміздің әр аймағындағы агроқұрылымдар өз қажетіне сатып алады. Соңғы 3-4 жылда отандық нарықта ойып тұрып орын алған серіктестіктің өніміне Ресейдің Омбы, Түмен және Қорған облыстарынан да сұраныс келуде.

Николай Ерохин – “Avagro” ЖШС директоры:

– Былтыр өндіріс ошағы 500 миллион теңгенің тапсырысын орындады. Биыл да зауыт ұжымы еңсерілген межеден таймақ емес, қазірдің өзінде бүркуіштің 70 бірлігін сатуға дайындап қойдық. Шығарылған өнімдерімізге 1 жыл кепілдік беріледі. Егер де агрохимиялық өңдеу кезінде техника істен шыққан жағдайда, біздің сервистік қызмет көрсету бригадамыз орын алған ақауды жояды.

Биылдыққа “АВАГРО” серіктестігі ауыл шаруашылығына қажетті бүріккіш техниканың 70 бірлігін құрастырып қойған. Енді олар өз иелерін күтуде.

Бакыт Садуакасов