Ауыл шаруашылығы

Өткен жылы Қызылжар ауданына қарасты “Якорь-СК” ЖШС 19 мың тонна сүт өндірген

Дәл қазір мына қорада 250 бас сиырға сауын жүргізілуде. Негізгі жұмыс автоматты түрде басқарылатындықтан сауыншы күші аса қажет етілмейді. 1 тәулікте шаруашылық шамамен 5 тоннадан аса сүт алады екен.

Борис Калугин – “Якорь-СК” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

– Қазір біздің серіктестікте 2200 бас қызыл далалық сиыр бар. Оның 500-і – сауылатын ірі қара. Олардың әрқайсысынан күніне 10-15 литрден сүт аламыз. Жаз айларында бұл көрсеткіш екі есеге дейін артады. Келесі жылы сауылатын зеңгі баба төлдерінің санын 800-ге дейін жеткізу жоспарда бар.

Серіктестіктегі сиырлар мына заманауи қондырғы арқылы сауылады. Оны шаруашылық былтыр 27 миллион теңгеге сатып алған. Германияда шығарылған аппарат сиырды аз уақытта сауып қана қоймай, бір мезгілде өзінің бөшкесіне 3 тонна ақты сыйғыза алады. Өнім онда минус 4 градуста салқындатылады. Содан соң ғана барып саудаға жөнелтіледі.

Борис Калугин – “Якорь-СК” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

– Өнімді қаламыздағы “Масло-Дел” серіктестігіне саудалаймыз. Сүттің бір литрі – 100 теңге. Аталған компания өкілдері біздің өнімге аса қызығушылық танытады. Олармен ұзақ жылдардан бері әріптестік орнатып келеміз.

Ирина Жиенбаева осы шаруашылықта 10 жылдан аса уақыт енбек етеді екен. Нәзік жандының айтуынша қондырғы іске қосылысымен жұмыс барынша жеңілдеген.

Ирина Жиенбаева – “Якорь-СК” ЖШС жұмысшысы, Қызылжар ауданы:

– Бұрындары сиырларды ескі аппараттың көмегімен сауатынбыз. Одан алынған сүтті шелектеп бөшкелерге таситын едік. Қазір жағдай мүлде басқа. Мына қондырғының құбырлары арқылы өнім діттеген жерге бірден жетеді. Бұл сауыншылардың жұмысын уақытын үнемдейді.

Ал, бұл – шаруашылықтың былтырғы жылы іске қосылған жаңа астық сақтау қоймасы. Элеваторға агроқұрылым басшылығы құны 30 миллион теңгеге бидай кептіргіш орнатқан. Ресейлік қондырғы сағатына 20 тонна астықты қажетті қалыпқа жеткізеді.

Борис Калугин – “Якорь-СК” ЖШС директорының орынбасары директоры, Қызылжар ауданы:

– Былтыр біз орақ науқанын 5-інші қазан күні аяқтадық. Ол уақытта басқа шаруашылықтардың жұмыстары жүріп жатқан болатын. Оған жаңадан орнатылған бидай кептіргіштің көмегі көп болды. Ылғалды күндері астықты осы жерде қалыпты жағдайға келтіріп отырдық.

 

Сондай-ақ, шаруашылық 2014 жылы екі бірлік МТЗ 1221 тракторы, жер қопсытқыш және жүгері себетін агрегат сатып алыпты. Оған мемлекет тарапынан 6 миллион теңге субсидия берілген. Былтыр агроқұрылым 5 мың гектар жерге дән сіңіріп, әр гектардан 32 центрден өнім алыпты. Жалпы серіктестікте 120 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың айлық жалақылары орта есеппен 77 мың теңге.

Култанов Байболат