МТРА жаңалықтары

ҰОС ардагерлерінің үйінің ауласы қардан тазартылды

Отты жылдары майор болған қария кезінде 200-ге жуық солдаты бар артиллериялық полкті басқарған. Қайғы-қасірет әкелген қанды майданды толғаныспен еске алады.

Иван Лунев – Ұлы Отан соғысының ардагері:

–  1941 жылы әскер қатарына шақыртылып, майдан даласына аттандым. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соңына дейін жаумен ұрыстық. Жанымдағы жолдастарымның барлығы ел үшін күресіп қаза тапты.

Бүгінде қарт майдангер ұлы және қызымен бірге жер үйде тұрады. Қыс уақытында қар тазалау қиындау екен. Мұны ескерген жергілікті билік ардагерлерге көмек көрсетуде. Қазір Иван Лунев тұратын үйдің маңын “Строй Агро Север” серіктестігінің қызметкерлері қардан аршуда. Ардагер мекеме басшылығына осындай қолғабыстары үшін ризашылығын білдіруде.

Иван Лунев – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Менің үйімнің маңайын жергілікті билік өкілдері қардан үнемі тазалап тұрады. Сол үшін оларға өз алғысымды білдіремін. Көктемде баспанама су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Аулада қардан жүріп-тұру да ешқандай қиындық туғызбайды.

Жалпы бүгінде Петропавл қаласы бойынша 11 ардагер жер үйде тұрады. Олардың аулаларын қыс уақытында әрдайым коммуналдық мекемелер тазалайды екен.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ардагерлер үйлерінің аулаларын қардан тазалау облыс әкімінің тапсырмасымен жүргізілуде. Бұл жұмыстарға қала бойынша 3 кәсіпорын жұмылдырылған. Жалпы бүгінге дейін барлық қар аршушы мекемелер шаһар сыртына 390 мың текше метр ақ ұлпа шығарды.

Енді коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері жұма күні Иван Луневтің үйінің шатырындағы қарды тазалауға келеді.

– Өткен жылмен салыстырғанда биыл ақ ұлпа екі есеге көп жауды. Сәйкесінше қар тазалаушы мекемелердің жұмысы да екі есеге артты. Ал жалпы бұл жұмыстар сәуір айына дейін жалғаспақ.

 

Риат Шони