Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов қар шығару жұмыстарының орындалу барысын байқады

Жексенбіде олардың жұмысын облыс әкімі Ерік Сұлтанов байқады. Аймақ басшысының алғашқы аялдаған жері – Жұмысшы кентіндегі Красин көшесі.

Дәл қазір бұл аумақта “СУ 808” серіктестігі еңбек етуде. Мердігер кәсіпорын басшысы өңір жетекшісіне бұл маңнан күн сайын 2 мың текше метр қар шығарылады дейді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұл жұмысқа қарқын қосуды міндеттеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Қазір сіздер күн сайын қала шетіне шамамен 10-15 мың текше метр қар шығаруларыңыз қажет. Осы жағын қарастырып, жұмысты уақытында орындаңыздар. Қажет болса бұл мақсатқа қосымша қаражат бөлуге дайынбыз.

Бұдан соң облыс әкімі Ойқала ауданында “Строй Агро Север” серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын бүгінде өздеріне қарасты 32 көшенің 6-уында маңызды шауаны атқарып қойған. Алайда, кей жеке тұрғын үй иелері өздерінің аула маңындағы қарды тазартуға жауапсыздық танытатын көрінеді.

Мереке Мұхамедияров – Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:

– Ойқала ауданында 32 көше бар. 6 көшеде қар толығымен шығарылды десе де болады. Енді бұл ауданда су басу қаупі жоғары деген 4 бірдей көше анықталды. Бүгін қар шығаруды тұрғындар пайдаланса да болар еді, жоқ техника тазалап кеткеннен кейін өз аулаларындағы қарды сыртқа шығарады.

Бұл күні аймақ басшысы Заречный кенті мен Береке ауданына да барды. Соңғысында серіктестік басшыларымен сөйлесті. Қаламыздың шеткері ауданында жиналған қарды “Норд Жолдары” және “Дорожник Ашық Аспан” кәсіпорындары тазалауда.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгін мына қаланың көктемгі су тасқынына байланысты көшелерді қарап шығып, қар шығару жұмыстарын күшейтуге тапсырма бердім. Қар көп, сондықтан 24 сағат бойы қарды шығаратын боламыз. Жеке меншік үйлерден қарды шығару – ол да тұрғындардың міндеті, сол жағын дұрыстап ұйымдастыру керек.

Тұрсынбай Шәкенов Береке шағын ауданында 58 жылдан бері тұрып келеді. 87 жасар зейнеткер аулаға жиналған қарды – сыртқа шығару әр тұрғынның азаматтық парызы деп біледі. Бүгін ертесімен көше маңында жүрген техникаларды байқаған қария, үйде қарап жатпай күрекпен ақ ұлпаны сырғыш техника алдына тасып әуре.

Тұрсынбай Шәкенов – Береке шағын ауданының тұрғыны:

– Биыл қар көп. Анау жақтарда да қарды артты. Трактор жақындамаған жерді қолмен шығарып жатырмын. Жанталасып, өзім де сол қолдан келгенше көмектесіп жатырмын.

Үстіміздегі жылы шаһар көшелерін қардан арылтып, қалыпты деңгейде ұстап тұруға жергілікті бюджеттен 184 миллион теңге қаржы бөлініпті. Бүгінге дейін бұл науқанға жауапты 5 коммуналдық кәсіпорын қаладан 380 мың текше метр қар шығарған.

 

Бакыт Садуакасов