Мәдениет

Өңір оқушылары Жамбыл Жабаевтың рухына тағзым етіп, өлең арнады

Ақынның артына қалдырған мұрасын зерделеп жүрген жастар оның өлеңдерін жатқа айтты. Ал Қазақ мектеп-гимназиясының оқушылары Ақжан Жайлаубай, Базар Батырхан мен Абай Абдралин ақынға өздері жыр жолдарын арнапты.

Жамбыл Жабаев халық поэзиясының алыбы ғана емес, “ХХ ғасырдың Гомері” атанды. Кеңес дәуірі жылдарында қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлады. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнмен байытып жеткізді. Оның үздік шығармалары қырықтан астам елдің тілдеріне аударылды. Ақын жырлары әсіресе ҰОС-да майдандағы әр ұлттан құралған жауынгерлердің бәрінің де қайратын қайрап, жігерін жаныды. Оқушылар атамыздың “Ленинградтық өренім” өлеңін жақсы білеміз дейді.

– Жамбыл атамыз “Ленинградтық өренім” өлеңінде соғыстағы сарбаздарды батыл болуға шақырады. Біз де атамыздың рухты жырларын оқып, батыл болуымыз қажет.

– Біздің мектептің жанындағы ақынға арналып ескерткіш орналастырылды, қаламыздағы көшелердің бірі Жамбыл Жабаевтың есімімен аталды. Мен соған қуаныштымын.

Ұстаздар қауымы болса, ақынның отты жырларынан нәр алған ұрпақ отансүйгіш, ұлтжанды болып өседі дейді.

Аманжол Зағыпар – Қазақ мектеп-гимназиясы жанындағы “Өнер” орталығы ақындар сыныбының жетекшісі:


– Жамбыл атамыздың жырларын оқу арқылы бүгінгі жас ұрпақ елін, жерін, отанын, халқын, тілін сүюге деген құлшыныстары оянады. Және өлең жазатын балалар атамыздың тапқыр оймен өрілген өлеңдерінен рухнаи азық алады.

Нүргүл Исимбаева – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:


– Белгілі жазушымыз С.Сейфуллин – “Жамбылдың шығармашылығы теңіз түбінде жатқан ақ маржан секілді” – деп айтқан. – “Соның шығармашылығын балаларға, халыққа тарату біздің борышымыз деген екен.

Үстіміздегі айдың соңында Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы аясында өңірімізде бірқатар мәдени-көпшілік шаралар жоспарланып отыр.

Берік Қасен