Білім

СҚО білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті

Мұғалімдердің біразы қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан мерзімінде өтпеген. Мектеп бітіруші түлектердің 50 пайызы ҰБТ-ден бас тартатын болған.
10 жылдан соң білім саласында кадр тапшылығы өзекті мәселелердің біріне айналуы мүмкін. Себебі, жастар мұғалім мамандығында ұзақ тұрақтап қалмайды. Бұл көрсеткіштер ведомство басшылығы мен биліктегілерді алаңдатып отыр.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

– Қазақта “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” деген жақсы сөз бар. Өңірімізде білімді басшылар, ұлағатты ұстаздар жақсы жетістіктерге жетіп, табысты еңбек етуде. Бірақ аудандардағы мектептердегі бірен-сараң төмен көрсеткіштердің салдарынан облыс көлеміндегі атқарылған жақсы істерге үлкен минус қойылады.

Бүгінде Елбасы тапсырмасы бойынша индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында экономиканың жетекші салаларына біліктілігі жоғары мамандар даярлануда. Бұл бағыттағы зор міндет отандық 10 ЖОО-на жүктелген. Солардың қатарында
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті де бар. Былтыр аталмыш білім ошағында 124 магистранттқа машина жасау, азық-түлікті өндіру бағыты бойынша тегін білім беріліпті.

Ниязбек Кәлімов – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті аграрлық-биологиялық факультетінің деканы:


– Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында университетте 2 зертханалық лаборотория ашылып, жабдықтар сатып алынды. Оған ел қазынасынан 240 млн. теңге берілді. Және де оқу бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 80 млн теңге алдық. Бұл қаражатқа сырт елдегі 2 университетпен келісім-шарт жасастық. Соның аясында 22 шетелдік доктор магистарнттарымызға дәріс оқып кетті.

Алқа отырысында меймандар өздері әзірлеген оқыту бағдарламаларымен таныстырды. Айтуларынша, оқу процесінде магистранттар зерттеу жұмыстарымен айналысып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өндірістік қызмет көрсетеді.
Бұл дегеніңіз ірі қара малдың генетикалық жадын оқып, сүтті, етті бағыттағы сиыр тұқымдарын анықтап, олардың ауру қоздырғыштарын зерттейді.

Жиында ЖОО-ның оқытушылары техникалық және ауылшаруашылығы бойынша бакалавриат дипломын алған солтүстікқазақстандықтарды университетке
қуана қабылдайтындығын айтты. Және биыл шамамен 300-ге жуық магистрантты тегін оқуға қабылдап, әрбіреуіне айына 57 мың теңге стипендия төленетіндігін хабарлады. Меймандардың мәлімдеуінше, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында мамандар даярлайтын алдыңғы қатарлы 10 ЖОО-на биыл 2,5 мың грант бөлінеді.

Берік Қасен