Спорт

Петропавлдық “Құлагер” ХК Теміртау құрамасын тізе бүктірді

Бұдан соң да қонақтардың шабуылдары толастамады. Бірінші жиырма минуттықтың өзінде қара-сары түсті жейдедегі спортшылар Болат Хамматов пен Филипп Святындардың жойқын соққыларынан ұшқан шайбаға теріскейлік қақпашы Джон Мюррей тосқауыл бола алмады. Осы сәтте құлагерлік жанкүйерлер мұз айдында не болып, не қойғанын түсінбей дал болды. Тек, периодтың 12-минутында шабуылшы Иван Иванов тамаша әдіс арқылы таблодағы есепті өзгертіп, көрермендерге аз да болса жеңіске деген үміт отын сыйлады.

Осыдан соң алғашқы периодта жерлестеріміз қанша тырысып баққанымен гол соға алмады.

Екінші жиырма минуттықты теріскейлік жігіттер жинақы бастады. Қонақтарды қалпақпен ұрып алатын қарсылас емес екендігін ұғынған Белан бапкердің шәкірттері сауатты қорғанып, шабуылдарына қарқын қосты. Бұл оларға өз жемісін берді де. Кездесудің 21-ші минутында Игорь Валеев көзге түсті. Бұдан соң 1 минут өтпей жатып Данияр Хасенов әріптесі Владимир Бакиканың пасын керегіне жаратып, таразы басын теңестірді.

Осы сәтте хоккей сүйерқауымның қуанышында шек болмады. Алайда, қос бірдей шайбадан соң құлагерлік ойыншылар кенеттен босаңсып, кездесуде екінші нөмірде ойнауға көшті. Мұны ұтымды пайдалған қонақтар периодтың аяқталуына 3 минут қалғанда екі гол соқты.

Осылайша жерлестерімізге жеңістің ауылы мүлде алыстағандай болды. Дегенмен де соңғы жиырма минуттықта біздің жігіттер намысқа тырысып есепті теңестірді. Алғашқы голдың авторы – қорғаушы Лукаш Мартинка болса, соңғысында Максим Волковтың қанжығасы майланды.

Осылайша кездесудің тағдыры овер-таймда шешілмек. Алайда, әккі жігіттер бұл ойын бөлігінде бір-бірінің осал тұсын таппады. Енді қалғаны – матч соңындағы буллиттар сериясы. Ойынның шешуші сәттерінде есе жібермеу керектігін жақсы ұғынған құлагерліктер жанкүйерлері алдында барларын салды. Мұнда ең бірінші болып бағын сынаған Данияр Хасеновтың жолы болып таблодағы есепті өзгертті.

Лукаш Мартинка – “Құлагер” ХК қорғаушысы:


–  Ойын өте тартысты өтті. Шыны керек, бастапқыда осалдық таныттық. Бір емес бірнеше мәрте қателік жібердік. Алайда, соңғы сәттерде жинақы өнер көрсеттік. Теміртау құрамасы өте мықты ойыншылардан жасақталған. Барлықтарыңызды жеңіспен құттықтаймын.

Осы жеңістен соң “Құлагер” ХК 91 ұпаймен турнирлік кестеде үшінші орынға көтерілді.
Енді қос құраманың қарымта ойыны ақпанның 19-ы кешкі сағат 19:00-де өтеді.

Култанов Байболат