Денсаулық сақтау

№1 қалалық ауруханаға 10 жыл

Галина Мәметова – №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Біздің аурухана екі рет аккредитациялаудан сәтті өтті. Жыл сайын мемлекеттік бюджетті толығымен игереміз. Мамандарымыз біздің елімізден өзге шет мемлекеттерде де біліктіліктерін арттырып отырады. Сонымен қатар, қызметкерлерге егер де жұмысын жоғары деңгейде атқарып отырса онда қосымша жалақы төленеді.

Білікті мамандардың бірі – неврология бөлімшесінің меңгерушісі Хиа Ерденова. Ақ халатты абзал жан мұнда мекеме ашылғаннан бері жұмыс істейді. Жалпы медицина саласындағы еңбек өтілі – 25 жыл. Невропатолог маманның айтуынша аурухана осы 10 жылдың ішінде айтарлықтай өзгерген. Әрине, тек жақсы жаққа.

Хиа Ерденова – №1 қалалық аурухананың неврология бөлімшесінің меңгерушісі:

– Бұл – электроэнцефалограф аппараты. Ол адамның миын диагностикалауға арналған. Қондырғының көмегімен біз эпилепсия, эпилептикалық синдромдарды тексереміз. Ал екінші аппарат “Нейромиан” деп аталады. Оның көмегімен жүйке тамырларының шеткі жүйесін тексереміз. Мұндай дертке шалдыққандар бізде жиі кездеседі.

Жалпы ауруханада 3 емделу бөлімшесі бар. Атап айтатын болсақ, олар: неврология, терапия және ересектерге арналған жұқпалы аурулар бөлімшесі. Әр бөлімшеде сервистік палата бар. Бір бөлмесі екі адамға шақталған. Онда жататын науқастарға жеке дәретхана мен жуынатын бөлме қарастырылған.
Негізі аурухана заманауи үлгідегі емдеу аппараттарымен жабдықталған. Мәселен, мынау ресейлік қондырғы адамның денесіне байланыссыз гидромассаж жасайды. Яғни, судың көмегімен омыртқа ауруларын емдейді.

Аурухана тағы да өзінің зертханасымен мақтана алады. Бұл жерде бактереологиялық және биохимиялық зерттеу жасалынады. Жұмыстардың барлығын 9 маман атқарады. Ал сараптаманың нәтижесі екі-үш күнде дайын болады екен.

150 орынға шақталған ауруханада өз пациенттеріне деген күтім жақсы. Әрдайым кезекші медбикелер мен емдеуші дәрігерлер науқастардың қал-жағдайын сұрап тұрады.

Елена Шатрова – науқас:


–  Мен мұнда келгенде сол жақ қолым мен аяқтарымды қозғалта алмағанмын. Тіпті, мойным да бұрылмады. Ауруханадағы дәрігерлер бір күннің ішінде емдеді. Енді қазір өзімді жақсы сезінемін. Бірнеше күннен кейін үйіме қайтамын.

Людмила Филиппова – науқас:


–  Менің емделу курсым аяқталуға жақын. Мұнда негізі барлығы – білікті мамандар. Әр пациентке жақсы қарайды. Мен жыл сайын дәрігердің қарауынан өтіп, осылай емделіп тұрамын.

Жалпы 10 жылдық тарихы бар аурухананың алдағы мақсаты ауқымды. Жақын арада мұндағылар хирургия бөлімшесін ашуды жоспарлап отыр.

 

Риат Шони