Спорт

Петропавлда облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының мүешелері арасында шаңғы жарысы өтті

Олар 1 шақырымды бағындырмақ. Әсіресе, топ алдында көш бастаған шаңғышылардың бәсекесі қызық болды. Дегенменде, додада 2 минут 39 секунд көрсеткішімен Ренат Тагиров жеңімпаз атанды.

Ренат Тагиров – мамандандырылған жеңіл атлетикалық ОРБЖСМ жаттықтырушысы:

– Маған қарсыластарыммен бәсекеге түсу аса қиын болған жоқ. Өзім жиі шаңғы тепкендіктен жарыс оңайға түсті. Жеңісіме қуаныштымын.

Бұдан соң кезек қыздардыкі. Жарысқа шаңғысын сайлап келгендердің бірі – Ольга Вернер. Ол сынға түспес бұрын дене қыздыру жаттығуларын жасауды жөн санапты.

Ольга Вернер – жарысқа қатысушы:


–  Бүгінгі ауа райы өте тамаша. Қазір сайысқа түсемін. Ұзақ уақыт шаңғы теппеген едім. Сонда да мүмкіндігімді тағы да бір байқап көремін.

Нәзік жандылар 700 метрде бақ таластырды. Олар додада шаңғымен еркін әдіс арқылы жүріп өнер көрсетті. Сондай-ақ, шарада қала мектептерінің оқушылары күш сынастырды. Мұндай жарыс облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің қатысуымен алғаш рет өтіп отыр. Ұйымдастырушылар сайысты Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнапты.

Гүлнар Қасымова – Облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:

 

– Табиғатқа шығып таза ауа жұтқан жақсы ғой. Шаңғы тепкен әрбір адам үшін пайдалы. Бойымыз сергіп, өзіңді жақсы сезініп қаласың. Алдағы уақытта тағы да спортшық шаралар өткізбек ойымыз бар.

Жарыс соңында жеңімпаздарға грамота мен ақшалай жүлделер табысталды. Бұдан бөлек додада “Ардагер спортшы”, “Сайыс аруы” аталымында үздік деп танылғандар марапатқа ие болды.

Култанов Байболат