Қоғам

Петропавлдағы әйелдер колониясында бірінші рет дебаттық турнир өтті

Руслан Мамбетов – СҚО прокуратурасы басқармасының бастығы:

-Мұндай шара бізде алғаш рет өтуде. Бұл сотталушылар арасында қарым-қатынас дағдыларын орнатуға көмектеседі. Осында айтылған мысалдарды олар бостандыққа шығып, жұмысқа орналасарда өз пайдаларына асыра алады.

Дәл қазір «Адам факторы» мен «Сот төрелігі» деп аталатын командалар балаларға қатысты қылмыс жасағандар мен оларға қолданған жаза түріне байланысты пікір сайыстыруда. Бірі – қатаң шара қолдану керек десе, енді бірі оны сәл жеңілдету қажет дейді.

Нәтижесінде заңдарға сүйеніп сөз сөйлеген Сот төрелігі” командасы жеңіске жетті.

Марияш Тоқжанова – жазасын өтеуші:

-Мұндай шаралар бізде жиі өткізіліп тұруы тиіс. Бұл біздің интеллектуалды түрде дамуымызға көмектеседі. Қоғам да біздің қайта тәрбиеленіп жатқанымызды көрсе деймін.

Дебатқа барлығы 8 команда қатысуда. Жазасын өтеушілерді қолдауға Зарина Рогожникова да келген. Осыдан бір апта бұрын ол дәл осы жерден босап шыққан екен. Темір торға есірткіні саудалағаны үшін қамалған. Бірақ, Зарина жақсы тәртібі үшін берілген жаза мерзімінен 3 жыл ерте отбасына оралды. Бүгінде ол жұмысқа орналасу қамымен жүр.

Зарина Рогожникова:

-Мұнда мен аспаз болып қызмет еттім. Енді міне біліктілігімді арттырып жүрмін. Дипломды 3 аптадан соң аламын. Жұмысқа тұрып, бала-шағамның қамы үшін еңбектенемін. Енді қателіктерге бой алдырмаспын.

Айта кеткен жөн, бүгінде мұнда түрлі қылмысқа барған 200-ден астам әйел жазасын өтеуде.

 

 

Айгерим Ержанова