Спорт

Петропавлда жасөспірімдер арасында шаңғы жарысынан облыс чемпионаты өтті

Даниил Глуховский – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

-Бүгін шаңғы тебу үшін өте қолайлы ауа райы. Жел қатты емес, сол себепті спортшыларға жарыс жолында аса қиынға соқпайды. Қазір өзім білетін жаттығуларды жасаудамын. Чемпионатта бар мүмкіндігімді салып топ жаруға тырысамын.

Облыстық жарыс ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Онда өңіріміздің 10 ауданы мен қаламыздан 120-дан аса жасөспірім бақ сынауда. Сайыстың басты мақсаты – үздік спортшыларды іріктеп республикалық додаларға қатыстыру дейді ұйымдастырушылар.

Руслан Сәрсенбаев – БЖСМ жұмысы жөніндегі облыстық дене шынықтыру-спорт орталығы директорының міндетін атқарушы:

 

-Жарысқа 1998 және одан төмен жылғы спортшылар қатысуда. Біз осындай чемпионаттар арқылы құраманы іріктеп, Алматыда келер жылы өтетін қысқы универсиядаға қатысатын мықтыларды анықтай аламыз.

Жарыс жолына алғаш болып 98 жылы туылған ұлдар шықты. Олар сайыстың ережесі бойынша классикалық әдіс арқылы 3 шақырымда бақ сынады. Бір-бірінің артынан кезектесе 30 секундтық уақыт аралығында шаңғымен сырғанаған спортшылар мәре сызығына жеткенше тартысты өнер көрсетті. Бұдан кейін кезек қыздарға келді. Бұрымдылар 2 мың метрді артта қалдырды. Чемпионат соңында жеңімпаздар анықталып, мақтау қағаздары және медальдармен марапатталды.

Култанов Байболат