МТРА жаңалықтары

Петропавлда 60-тан аса бозбала әскерге жарамдылықтары туралы құжаттарын алды

Әділет Салимов – оқушы:

-Біздер үшін әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлік алу маңызды. Өйткені әрбіріміз елімізді қорғауымыз қажет.

Бүгін Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылуына 27 жыл. Оқушылар тарихты біліп жүрсін деп, куәліктерді табыстау осы датаға орайластырылған. Жиында қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы Амангелді Дүйсекин болашақ ел қорғандарына Ауған соғысы жайлы әңгімелеп, ұрыста қаза болған әрбір отандасымыздың ерлік ісін баяндады.

Амангелді Дүйсекин – Петропавл қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы:

-Жылма-жыл 15 ақпан күні Ауған соғысында қаза болған отандастарымызды еске алып, олардың рухтарына бас иеміз. Біздің болашақ ұрпақ батыр ағаларының ерліктерін білсін.

Осыдан соң жастарға әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктері тапсырылды. Болашақ отан қорғаушылар кезек-кезекпен келіп құжаттарын алды.

Кейін бозбалалар әскерге осы тіркеу куәлігі арқылы шақыртылады. Биылғы көктемгі әскери шақырылымда 600-ден аса теріскейлік жігіт өздерінің Отан алдындағы міндеттерін өтеуге аттанады.

 

 

Култанов Байболат