Без категории

Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 27 жыл толды

15 ақпан күні ауған соғысының құрбандарына арналған ескерткіш басына ылғи кісі көп жиылады. Олар зұлмат жылдары қаза тапқан жерлестерімізді еске алуға келген. Бақытжан Темірбаев – сол қаһарлы күндердің куәгері.

Бақытжан Темірбаев – Ауған соғысының ардагері:

-Мен өзім 81-ші жылы бардым. 2 жыл 1 ай болдым сонда. Үйде екі балам қалды. Келер, келмесім белгісіз болды. Енді ондай жағдай болмасын.

Ауған соғысына өңірімізден 1500-ға жуық жерлесіміз аттанса, солардың 46-сы майдан даласында жан тапсырған. Қаншама қайғы-қасірет әкелген сол бір жантүршігерлік күндер интернационалист-жауынгерлердің көз алдынан еш кеткен емес.

Игорь Гамов – СҚО Ауған соғысы ардагерлерi ұйымының төрағасы:

-Біз қаза болған әр азаматтың тарихын білеміз. Қаншама жерлесіміздің жау қолынан көз жұмуы, әрине қиын болды. Сол жылдары әр адам көзсіз ерлік пен адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Сондықтан, ерлік еш ұмытылмайды.

Сұрапыл жылдары қаза болғандарды еске алу шарасына қоғам өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері мен майданнан қайтпаған сарбаздардың туған-туысқандары қатысты. Қолдарына ал қызыл қалампыр ұстаған жандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, отбасына оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бүгіндері өңірімізде көзі тірі 880 Ауған соғысының ардагері бар.

 

 

Магжан Ахмадина