Балалар

Петропавлда “Жарқын болашақ” атты қазақ тілі байқауы өтуде

Дәл қазір дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушысы Алмас Тұтқышев сахнаға шығу кезегі жеткенше уақытын текке жібермей, дәлізде дайындалып отыр.

7 жасынан ән салып, 10 жасында қос ішекті аспапты меңгерген өнерпаздың бұл жолғы таңдауы М.Беспаевтың орындауындағы “Туған жер” термесіне түскен. Бүгін оған 30-дан артық ұл-қыз бәсекелестік танытпақ.

Алмас Тұтқышев, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушысы:

-Менің мақсатым бірінші орын алып, республикаға жолдаманы иемдену.

«Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасына Кристина Ветрова Шал ақын ауданының Ибраев ауылынан келіпті. Ол «Сөз зергері» аталымында Б.Момышұлының «Туған елге сағыныш» шығармасынан үзінді оқып берді. Қазылар алқасы тіл табиғатының тазалығына басар назар аударуда.

Кристина Ветрова, М.Ахметбеков атындағы орта мектептің оқушысы, Шал ақын ауданы:

-Қатты қобалжыған жоқпын. Қазақ мектебінде оқимын, сондықтан қиын болған жоқ.

Ал келесі бөлмеде «жазушылар» бағыты бойынша 20-ға жуық оқушы берілген тақырыптарға ой толғау жазып жатыр. Одан бөлек, «Тілші әдебиетшілер», «Ғалымдар» аталымдары бар. Жалпы “Жарқын болашақ” қазақ тілі олимпиадасы биыл облыстық деңгейде 8-ші рет ұйымдастырылып отыр.

Гүлмайда Мүсетаева, Облыстық білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс пен ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

-Бүгін жеңіске жеткен 10 бала республикалық сынға жолдама алады. Қатысушылар саны жыл сайын арта түсуде.

Олимпиаданың республикалық кезеңі 24-26 сәуірде Алматы қаласында өтпек.

 

 

Акбопе Танирберген