Мәдениет

Петропавлда “Сиқырлы қыс” байқауы қорытындыланды

Валерия Михейкина, №1 өнер мектебінің тәрбиеленушісі:

-Мұндағы қыз – қыстың бейнесінде. Бұл өте көңілді әрі қызыққа толы маусым. Сондықтан арпалысып ойнап жатқан бала мен итті бейнеледім. Тауларды салдым, ағашқа қырауын түсіріп жүрген, сиқыршыны да ұмытпадым. Алғаш рет қатысып бірінші орынды алдым.

«Сиқырлы қыс» байқауы 1-ші өнер мектебінде биыл 7-ші жыл ұйымдастырылуда. Балалар бұл мезгілдің ең басты мерекесі жаңа жыл жайлы да ұмытпаған. Шырша, аққала және жыл нышаны – мешінді қолдан жасап шығыпты.

Марина Кормина, №1 өнер мектебінің бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі:

-Дәстүрлі қалалық конкурсты ұйымдастыру 1-ші өнер мектебінің директоры Владимир Калгановтың идеясы. Биыл байқауға қаланың көркемөнер бағытындағы барлық мектептері қатысты. Жас ерекшеліктеріне қарай кіші, орта және ересек топтағы балалардың еңбектері жеке-жеке бағаланды.

Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар дипломдармен марапатталды. Суретші мен қолөнершіге қажет атрибутикалар сыйға тартылды.

 

 

Акбопе Танирберген