МТРА жаңалықтары

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарған Ратмир Усманов жақында бостандыққа шығады

Сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп айыпталған мемлекеттік қызметкер өткен жылдың 20-шы ақпанында 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін бұл шешім желтоқсанның 24-і өзгертіліп, жазасын өтеу мерзімі 2 жылға қысқартылыпты. Қазір ЕС-164/3 мекемесінде 1 жыл 8 айға жуық уақыт отырған Ратмир Усманов сондағы шараларға белсенді араласып, мекеме басшысының алғыстарын да алыпты.

Ратмир Усманов – жазасын өтеуші:

-Мен мұнда мекеме кітапханасында жұмыс істеймін. Сонымен қатар түрлі мемлекеттік мейрамдарға белсенді түрде ат салысамын. Өткен жылы бізде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шара өтті. Сол мерекені ұйымдастыруда басынан аяғына дейін көмектестім.

Ратмир Усманов ҚР қылмыстық кодексінің 73-ші бабына сәйкес өзінің қалған жазасын, яғни 2 жыл 3 ай 30 күнін айыппұл төлеу арқылы өтеуді сұрады. Бұл өтініш бойынша істі 1 сағатқа жуық қараған соттың шешімі мынандай болды.

Михаил Гусев – Петропавл қалалық сотының судьясы:

-Петропавл қалалық соты Ратмир Усмановтың өтінішін мақұлдады. Енді айыпталушы өз жазасының өтелмеген бөлігі үшін айыппұл төлеп бостандыққа шыға алады. Айып сомасы 440 мың 108 теңге. Соттың шешіміне 15 күннің ішінде шағым беруге болады.

Ал отырыстан шыққан облыстық құрылыс басқармасы басшысының мінтедін атқарушының туған-туыстары соттың бұл шешімімен толықтай келісеміз дейді.

Суфия Усманова – Ратмир Усмановтың анасы:

-Соттың шешіміне біз әрине қанағатпыз. Бірнеше күннен кейін балам үйге қайта оралады. Оны 89 жастағы әжесі күтіп отыр. Түрмеге отырғанда ол сары уайымға салынып, денсаулығыда нашарлады. Енді қазір сүйікті немересінің қайта оралатындығын айтып қуантамыз.

 

 

Риат Шони