МТРА жаңалықтары

Сот жүйесіндегі реформалар

Бақыт Касеинов – СҚО сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы:

-Барлық сот процестері аудиобейне тіркегіш камераларға жазылады. Бүгінде өңіріміздегі сот залдарына 100 пайыз бейнетіркегіш орнатылды. Осының арқасында сот процестерін қашықтықтан өткізуге болады. Және қарапайым тұрғындар интернет арқылы жеке сот кабинетіне кіріп, сот процесінің қалай өткендігін көре алады.

Бұдан былай азаматтық және қылмыстық істер қысқа мерзімнің ішінде қаралатын болады. Былтыр өңір судьяларымен 13 мыңға жуық азаматтық іс қаралып, соның 98 пайызы оң шешімін тапқан. Және өткен жылы бір мыңнан астам жерлесіміз сотталған.

Владимир Кириленко – СҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы:

-Биыл қолданысқа енгізілген азаматтық-процессуалдық заңнама мен қылмыстық кодекстерде біраз өзгерістер бар. Құжатта көрсетілгендей, сотқа арызданған азаматтардың құқықтық сауатылығы жоғары болу қажет. Егер арыз берушілер сот процесінің тез өтіп, кінәлі тарап тез арада жауапқа тартылсын десе біліктілігі жоғары адвокатты жалдағаны дұрыс. Себебі, көп жағдайда азаматтар арызды өздері толтырып, кейін істі қарау барысында түсінбестіктер көп болып жатады.

Биылдан бастап инвесторлардың құқығы барынша қорғалмақ. Ол үшін Жоғарғы Сот жанынан инвесторлардың мәселесін қарастыратын инвесторлық алқа құрылды.

Жанар Кенжебаева – СҚО сотының судьясы:

 

-Жоғарғы Сот жанынан құрылған инвесторлық алқаға біліктігі жоғары жеті судья мүшелік етеді. Олардың еңбек өтілдері 15 жылдан жоғары. Және олар инвесторлық дауларды халықаралық стандарттарға сүйене отырып шешеді. Бұл жүйе алдағы уақытта нәтижесін беріп, шетелдік іскер азаматтардың Қазақстанға қызығушылығы артады деген сенімдеміз.

Оған қоса биыл Астана қаласында халықаралық арбитраждық орталық құрылады. Онда барлық саланың өкілдері халық пен іскер азаматтарға заң тұрғысынан тегін кеңестер бермек.

Берік Қасен