Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі халық алдында есеп берді

Сергей Реплинцев – «Альфа-Север» ЖШС учаске басшысы:

-Осы уақыт аралығында оқу және 200 орынға шақталған жатын корпустар көтерілді. Қазандық салынды. Қазір құрылыс алаңында 70 жұмысшы еңбек етуде. Бүгіндері монтаждау және электр желілерін тартуды жүргізіп жатырмыз. Материалдарымыз жеткілікті.

Үш аусымдық мектептерді жою тапсырмасына сәйкес тұрғызылып жатқан нысан балаларды жаңа оқу жылында қабылдайды.
Бұдан кейін облыс әкімі «Клименко» ЖК шұжық цехына барды. Қазір мұнда 70-ке жуық тауар түрі әзірленеді. Биылғы жылы кәсіпорынның сатылымы күрт төмендеген. Оны мұндағылар бағаның қымбаттауымен түсіндіруде. Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов кәсіпкерге өндірісті жаңартуды тапсырды. Бұдан соң, аймақ басшысы аудан оқушылары мен студенттері арасында бастау алған шаңғы турнирінің ашылу салтанатына қатысты.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Құрметті жерлестер! Сіздерді осындай жарыстың басталуымен құттықтаймын. Бүгіндері қазақстандықтардың 30 пайызы спортпен шұғылданады. Ал спортқа ден қойған солтүстікқазақстандықтардың саны – 27 пайызды құрайды. Жақсы келе жатырмыз.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізіліп жатқан шара 200-ден астам жастың басын қосты. Спортқа ден қойған аудан тұрғындарына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қарда жүргіш техника сыйға тартты.

Ал мынау – аудандық мәдениет үйі. Нақ осында аудан әкімі Владимир Дудовтың өткен жылы тындырған жұмысы таразыланды.
Былтыр ірі қара мал басының саны 8,5 пайызға көбейіпті. Ауданда 2685 басқа арналған 5 репродуктор бар.
Владимир Дудов өз сөзінде аудан экономикасына қаржы тартудың маңыздылығына тоқталды.

Владимир Дудов – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

-Ағымдағы жылы бидайды терең өңдеумен айналысатын зауыттың құрылысын бастау көзделген. Ондағы инвестиция көлемі 37 млрд теңгені құрап отыр. Тағы целлюлоза қағазын өндіретін кәсіпорын тұрғызу жоспарлануда. Оған құйылатын қаржы 300 млн теңге шамасында. Осы жобалардың арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болып, бюджетке қосымша қаржы түспек.

Кейін кезек тұрғындардың өтініш-тілектеріне келіп жетті. Ең алдымен Владимир Дудов хат арқылы келген ұсыныстарға жауап берді. Халықтың сұранысы бойынша ағымдағы жылы Чистополье селосындағы дәрігерлік амбулатория мен Возвышенка орта мектебінде жөндеу шаралары жүргізілмек.
«Ақселеу» ЖШС Серік Малаев көктемгі су тасқынына дайындық шараларын күшейту қажеттігін айтып отыр. Ылғи осы қауырт маусымда қар суының жолды шайып кететіндігінен 3 елді мекен тұрғындары зардап шегетін көрінеді.

Серік Малаев – «Ақселеу» ЖШС директоры:

-Жылда көктемде Тохтоброд-Ковыльное тас жолындағы су өткізгіш құрылғы бұзылады. Қазір ол апаттық жағдайда. Биыл қар көп. Сондықтан, қауырт маусымда ол шыдамауы мүмкін. Кәсіпорын есебінен құрылғының жобалық-сметалық құжатын әзірледік. Оның құрылысына 9 млн теңгедей қаржы қажет. Бұған қолдау білдіресіздер деп ойлаймын.

Владимир Дудов – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

-Жолды былтыр сіздердің кәсіпорындарыңыздың көмегімен уақытылы тазартып тұрдық. Техника да бердіңіздер. Соның арқасында ол өткен жылы бұзылған жоқ. Ал енді су өткізгіш құрылғы жөнделетін болады.

Әр елді мекенге барғанда аймақ басшысы Ерік Сұлтанов аудан әкімдеріне олқы тұстарды нұсқап, тапсырмалар жүктейді. Бұл жолы да өңір жетекшісі бірқатар салаларда кемшін кеткен жайттарды түзетуді жүктеді.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Индустрияландыру картасының алғашқы бесжылдығында ауданда 1 жоба жасалды. 2-ші бесжылдығында тағы 1 ғана кәсіпорын берілген. Бұл – экономикалық дамыған ірі аудан үшін өте төмен көрсеткіш. Сондықтан, аудан әкіміне кәсікерлермен жұмыс жасап, жаңа өндірістерді ашуға назар аудару керектігін тапсырамын. Ауданда тауар айналымы да сәл төмендеген. Бұған жол берілмеуі тиіс. Бұл тұсты да бақылауға алған жөн.

Кездесуде облыс әкіміне мектеп шатырын жөндеу, оқу орындарынан қазандықтарды сыртқа шығаруға көмектесу сынды сауалдар жолданды. Олардың барлығы бақылауға алынбақ.

 

 

Магжан Ахмадина