МТРА жаңалықтары

“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ өтемақы төлеуге өтініш қабылдауда

Мұнда аталмыш банк қызметкерлері клиентті қарсы алып, барлығын түсіндіріп береді. Бар болғаны электронды-цифрлы қол мен төл құжатыңыз болуы шарт екен.

Жандос Қосаев – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ аға қаржы кеңесшісі:

-Негізі қосымша келісімді рәсімдеуді үйде де жүргізуге болады. Ол үшін сізде электронды-цифрлы қолыңыз болу керек. Егерде жоқ болса, онда халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, аталған электронды құжатты алуыңызға болады. Ал аудан тұрғындары болса, өздері тіркелген ХҚКО-на баруларына болады.

Бұл жаңалықты естіген қала тұрғындары таң атқалы ХҚКО-на асығуда. Түске дейін мұндағы мамандар 40 өтінімді рәсімдеп үлгерген. Солардың бірі Мирас Ыбыраев. Ол 3 жыл бойы пәтер алу үшін аталған банкте ақша жинапты.

Мирас Ыбыраев – салымшы:

-Салымды мен 2013 жылдан бастап жинай бастадым. Енді, міне, банк бізге өтемақы төлейтін болды. Бұл хабарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ барлық салымшылары қуанышты деп ойлаймын.

Бүгінде өңірімізде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-нда 18 мыңға жуық салымшы бар. Оның тек 17 мыңы ғана өтемақы алуға құқылы. Өйткені, қосымша қаражат тек 2015 жылдың 18 тамызына дейін ашылған депозит иелеріне берілмек.

Райхан Әбдірахманова – «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры:

-Өтемақыны біздің банк барлық салымшыға береді. Егерде сіздің шотыңызда 1 млн теңге қаражат болса, оның үстіне 35,5% өтемақы ,бұл шамамен 355 мың теңгені құрайды. Бірақ бұл процесс екі кезеңде жүргізіледі. Яғни, 2016 жылы банк сізге тиесілі қаражаттың 19,2%-ын, ал 2017 жылы қалған 16,3%-ын береді.

Айта кеткен жөн, өтемақы төлеуге байланысты қосымша келісімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 31-ші мамырына дейін жүргізіледі. Ал белгіленген уақыттан кешіккен жағдайда банк салымшыға өтемақы бермейді.

 

 

Айгерим Ержанова