МТРА жаңалықтары

М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында кәріздік желілер орнатылатын болды

Сөрелердегі отандық тауарлардың үлесі 70 пайыздан кем болмауы тиіс. Және қызметкерлер 70 мың теңгеден аз жалақы алмауы керек. Ерік Сұлтанов сауда үйінің қожайындарына осыны ескертіп, тапсырманың орындалуын қадағалуды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісіне жүктеді.

Осы күні аймақ басшысы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілермен жүздесіп, оларға жылдық өндіріс қуаттылығын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта ет, сүт тағы да басқа өнім түрлерін сырт елдерге шығарып, шетелдік нарықтан лайықты орын алу керек деді.

Артынша М.Жұмабаев ауданына қатысты қордаланған өзге мәселелер аудан әкімі Асқар Бегмановтың есептік кездесуінде қарастырылды. Халықтың өтініші бойынша биыл жекелеген елді мекендердің жолдары жөнделіп, Возвышенка-Ұзынкөл, Возвышенка-Молодогвардейское, Қарақоға-Надежка, Булаев-Возвышенка автокөлік жолдары салқын ресайкілеу әдісі бойынша ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұдан өзге тұрғындар Булев қаласындағы шұрық-тесік жолдарды жамап, көшені жарықтандыру қажет дейді.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

-Булаев қаласындағы туберкулез диспенсері жанындағы жол учаскесін жамаймыз. Биыл мелекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көшедегі бағаналарға жарық шамдарын орнатамыз. Немесе осы мақсатқа аудан қазынасынан қаражат бөлінеді.

Булаев қаласында кәріздік желілердің жоқтығынан қалдық сулар далаға ағып жатыр. Бұл да тұрғындарды алаңдатып отырған үлкен мәселелердің бірі.

Сергей Заев:

-Үйдің жер төлесі су толды. Кәріздік желілер қашан жөнделеді?

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Жобалық сметалық құжат дайын. Қаражат бөлінеді. Булаев қаласында кәріздік желілер болады.

М. Жұмабаев ауданында шағын және орта бизнеспен айналысатындардың қатары көбеймей отыр. Осы ауданнан Индустриаландыру картасының екінші бесжылдығына бірде-бір жоба енбеген. Мұның барлығын сынға алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов аудандағы кәсіпкерліктің дамуына көңілі толмайтындығын жеткізді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция мөлшері азайған. Ауданда “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары толық орындалмаған. Осы күні 10 диірменнің 3-уі тоқтап тұр. Аудан аумағында үш ет өңдейтін кәсіпорын бар. Оның біреуінің жұмыс істемегеніне екі жыл болды. Алдағы уақытта өңірімізге инвесторлар келеді. Сондықтан, кәсіпорындарды жандандырып, басқа резервтерді пайдаланыңдар.

Халық басқа жаққа қоныс аудармау үшін оларды жыл 12 ай тұрақты жұмыспен қамту қажет. Осы ретте аудандағылар “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасын тиімді пайдалануда. Аталмыш жоба аясында Оңтүстік Қазақстан облысынан былтыр күзде 11 адам көшіп келген. Соның бірі – Бақытбек Айтбаев. Бұрын оңтүстікте мұнайшы болыпты. Жұмысында қысқартуға легіп қалып, бірнеше ай табысы болмаған. Содан осы жерге қоныс аударуға шешім қабылдайды. Қазір оның зайыбы мен бала-шағасы “НұрСенАгро” серіктестігінде еңбек етеді. Азамат отбасыма баспана берілді. Айына шамамен 90 мың теңге жалақы алып тұрамыз дейді.

Бақытбек Айтбаев – Байтерек ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

 

-Мұнда ұнап жатыр. Ауылдағылар жатсынбайды. Жұмысым орнықты. Бәріне көңілім толады.

Биыл М.Жұмабаев ауданына ОҚО-нан тағы бірнеше отбасы көшіп келмекші.

Берік Қасен