МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабековтің халық алдындағы есептік кездесуі өтті

Болат Жұмабековтің айтуынша, биыл облыстық маңыздағы Налобин-Пресновка күре жолы ағымдағы жөндеуден өткізілмек. Оған қоса халықтың өтініші бойынша Светлопольский ауылдық округінің жолдары жамалады.
Жиында азаматтар оңтайлы сәтті пайдаланып, өңір жетекшісіне тікелей сұрақтарын қойып, енді бірі алғыстарын айтып жатты.

Мұқаш Қабдиров – Бескөл ауылының тұрғыны:

-Былтыр 12 000 солтүстікқазақстандық жұмыспен қамтылды. Бұл сонша жанұя бақытқа кенелді деген сөз. Халықтың әл-ауқатын жақсартуда аянбай еңбек етіп жатырсыздар. Сол үшін алғысымды айтамын.

Бүгінде қала іргесіндегі Прибрежное селосында жер үйлер көптеп салынуда. Бірақ, бәрін бірдей тоқ көзімен қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Үй болған соң жарық міндетті түрдеболу керек. Қарасытармыз. Қысқа мерзімнің ішінде шешіп береміз.

Өңір жетекшісі ағымдағы жылы бірқатар бағыттағы жолдарды қалпына келтіреміз деді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Биыл өңір жолдарын жөндеуге ел қазынасынан 5,6 млрд теңге бөлінді. Осы жылы өңір жолдарының біраз бөлігі жөнделеді. Осылайша облыстық жолдардың тозу көрсеткішін 44 пайызға төмендетеміз. Оған қоса биыл Соколов топтық су құбырындағы қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде 9 елді мекенге таза ауыз су жеткізіліп, тағы 4 ауыл аталмыш топтық су құбырына қосылады. Үстіміздегі жылы мектеп, балабақша, спорттық нысандар тұрғызылады.

Былтыр Қызылжар ауданында мемелекеттік бағдарламалар бойынша жоспар толық орындалмаған. Аудандағы орташа жалақы облыстық көрсеткіштен 5 пайызға төмен.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

-Аудан халқының көп бөлігі елді мекендерде тұрады. Еңбекке қабілеттілерін тұрақты жұмыспен қамтып, азаматтарға шағын несие беру керек. Қызылжар ауданында “Сыбаға”, “Алтын асық” бағдарламасы толық орындалмаған. Ет экспортының көрсеткіші көңіл көншітпейді. Бірде-бір асыл тұқымды репродуктор құрылмаған. Аудан аумағындағы 7 диірмен 14 пайыз қуаттылығында жұмыс істеп тұр. Сүт өңдейтін кәсіпорындардың жылдық қуатылығы да төмен.

Бұдан соң өңір жетекшісі Прибрежное селосындағы “Инкубаторий №1” серіктестігіне соқты. Кәсіпорын бройлер тауығының балапандарын инкубациялық әдіспен шығарады.
Мұндағылар өткен жылы 100 мыңнан астам балапанды Петропавл бройлер фабрикасына жөнелтіпті. Кәсіпорын басшысы Иван Унраудың айтуынша, компания жылына 10 млн 800 мың бройлер балпанын шығаруға қауқарлы. Оларға қазір тұрақты тұтынушылар қажет. Бұл жағын өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов басты назарға алып, жергілікті компанияға әр аймақтан сенімді серіктестер тауып беруге уәде берді.

Осы күні аймақ басышысы қала іргесіндегі Бәйтерек ауылына барды. Бүгінде осы елді мекенде тұратын 345 оқушы Бескөл ауылына күнде қатынап оқуға мәжбүр. Биыл бұл мәселе шешімін табады. Ағымдағы жылы 300 орындық мектеп облыстық қазынасынан бөлінген қаражат есебінен тұрғызылмақ.

Берік Қасен