МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов бірнеше аудан тұрғындарымен кездесті

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Былтыр аталған аудан халқының сұрауы бойынша 9 балалар алаңқайларын тұрғыздық. Сіздер айтқан кейбір жол учаскелерінде қазір қар дұрыс тазаланатын болды. Өткен жылы аулалардан 730 текше метр қоқыс шығарылып, ауру және құлағалы тұрған 410 түп ағаш кесілді.

Бірақ, мұнымен іс бітпек емес. Тұрғындарды алаңдататын да мәселелер жеткілікті.

Ендіғой Оспанова – «1-ші Заречный» көшесі, 51-үйдің тұрғыны:

-Мен «1-ші Заречный» көшесі, 51-үйдің төрайымымын. Біздің ғимарат шатырына жөндеу жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар сапалы болса екен. Тұрғындар оған кеткен ақшаны жылдар бойы жинайды.

Мәселені Марат Тасмағанбетов қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Дәулет Қалиасқаровқа тапсырып, іс назарда болатындығын айтты.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Мен сіздердің үйлеріңізде болдым. Барлық жұмыстармен жіті таныстым. Ғимарат шатырын сапалы жөндеу біздің қарауымызда болады.

Сондай-ақ, аталған аудан халқын жол мәселесі де алаңдатады. Бұған қоса Заречный кентіндегі аялдамалар жағдайы да мәз емес. Автобус күту орындарының кейбірі ескірген, қыста маңайларын қар басып жатады.

Ольга Васильева – Заречный кентінің тұрғыны:

-Аудандағы “Мектеп” аялдамасының мүлдем тозығы жеткен. Қысқы суықтарда автобус күткенде паналайтын жер таппаймыз. Және қоғамдық көлік жүргізушілері кей уақытта межеленген жерге кеш жетеді.

Марат Тасмағанбетов мәселені жақын арада біржақты етеміз деді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Автобус жүргізушілерінің кешігуі бойынша сауалыңыз бақылауға алынды. Енді бұл мәселемен айналысамыз. Былтыр жазда Заречныйда 2 жаңа аялдама салынды. Биыл да орнатылады.

Марат Тасмағанбетов жол мәселесі бойынша сұрақ қойғандарға биыл қала көшелеріне қиыршық тастар төсеу үшін 250 миллион теңге бөлінгендігін жеткізді. Сондай-ақ, жиында Былғары зауыты ауданы тұрғындарының өкпе наздары да айтылды. Оларды көктемгі қызыл судың басу қаупі алаңдатады. Тасқынды тежейтін бөгет салу үшін 600 миллион теңге қажет. Сондықтан, іс кейінге шегерілді.

 

 

Култанов Байболат