МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдікте аппарат кеңесі өтті

Ескен Әкімжанов – СҚО қаржы басқармасының басшысы:

-Бірінші ақпанға дейін облыс бойынша мүлікті заңдастыруға қатысты 782 өтініш келіп түсті. Бүгінде 445 өтініш бойынша сомасы 3 млрд 342 млн теңге болатын 532 нысан жария етілді. Ал құны 147 млн 901 мың теңге болатын 65 нысан бойынша 50 өтініш әлі қаралу үстінде.

Егер өңір аудандарында ақпараттандыру жұмыстары күшейтілсе бұл көрсеткіш одан да жоғары болар еді дейді Ескен Әкімжанов. Айта кету керек, аудан басшылары аппарат кеңесіне селекторлық тәртіпте қатысуда.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Барлық аудандарда мүлікті жария ету бойынша жұмыстар баяу жүруде. Ең көбі – 200 млн деген не? Барлық аудан әкімдеріне бұны жіті қадағалауды тапсырамын. Селолық округтің әкімдері ауыл тұрғындарына заңдастыруды нақтылап түсіндірсін.

Биыл қаңтардың 1-інен Қазақстанда мүлікті жария етуге қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енді. Бұдан былай заңдастыру біршама жеңілдетіліп отыр.

Төлеген Қабдөшев – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы:

-Енді ақшаны екі жолмен заңдастыруға болады. Біріншісі банктегі есеп шотты көрсетіп, қаржыны бизнеске салуға, құнды қағаз, жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсауға немесе жай ғана шешіп алуға болады. Онда 10 пайыздық қосымша құн салығы төленбейді. Ал екінші жолы – есеп шотты көрсетпей-ақ өтініш толтырып заңдастыру, бұл жағдайда 10 пайыздық қосымша құн төлеу міндетті.

Мүлікті жария етудің соңғы күні, ол – үстіміздегі жылдың 31-ші желтоқсаны. Бұл ретте асыққан жөн, себебі ақша немесе көлік заңдастырылмаса оның иесі жазаланады дейді облыс әкімі Ерік Сұлтанов. Ұлттық банктің жергілікті филиалының директоры Жомарт Қажырақымовтың айтуынша қазіргі таңда өңір банктерінде сомасы 105 млн теңгеге жететін 3 есеп шот ашылған. Қазіргі таңда ақшаны заңдастыру үшін есеп шот құрудың қажеті жоқ, бар болғаны арнайы декларация тапсыру қажет.

Жиын барысында қыс мезгілінде дала жануарларын қоректендіру жайы да сөз болды. Бүгінде облыс ормандарында 19 мыңға жуық жұп тұяқты, 110 мыңнан астам жыртқыш және үлпек жүнді жануарлар мекендейді. 2 мемлекеттік табиғи қорық пен 20 аңшылық шаруашылығы жұмыс істейді. Барлығы 93 оттық, қоректендіруге арналған 28 алаң орнатылып, тұз салатын 38 жер құрылған.

Қабиден Сәдуақасов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

-2015-ші жылы 1635 центнер сабан, 36 мың бұтақ дайындалып, 900 центнер жем мен 920 келі тұз сатып алынды.

Қабиден Сәдуақасовтың айтуынша қыс мерзімі аяқталғанға дейіні қорек барлық жануарларға жетеді. Аңдарды азықпен қамтумен қатар орманды қорғау жұмыстары да қызу жүргізілуде.

-Жыл басынан өңірде 32 рейд ұйымдастырылып, 4 заңбұзушылық анықталған. Оның екеуі браконьерлер, Қызылжар ауданында заңсыз елік атқаны үшін құрықталған. Соттың жалпы айып құны 1,5 млн теңгені құрады. Сонымен қатар өңірде тіркелмеген техниканың саны артты. Жалғы М.Жұмабаев ауданының өзінде 31 қарда жүргіштің 19-да құжат жоқ.

 

 

Риат Шони