МТРА жаңалықтары

Есіл ауданы әкімінің халық алдындағы қорытынды есеп беру жиыны өтті

Кейін аймақ басшысы аудан орталығындағы «Балдырған» шағын орталығына соғып, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ошағының тұрмыс-тіршілігін байқап, теледидар сыйға тартты. Бүгіндері мұнда 75 бүлдіршін бар. Меймандарға арнап олар өз өнерлерін көрсетті. Жалпы ауданда мектепке дейінгі білім беру мәселесі оң шешімін тапқан.

Кейінгі алған бағыт аудандық мәдениет үйі болды. Нақ сол жерде Мұратбек Әбішевтің халық алдындағы есептік кездесуі өтпек. Ең алдымен аудан әкімі жиылғандарды өткен жылы тындырылған жұмыстармен таныстырды.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:

-«Ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы бойынша 915 бас мал алынды. Соның 233-іне «Сыбаға» жобасы арқылы қол жетті. «Ебжанов и К» ЖШС сүтті-етті бағыттағы симментал тұқымдас сиырлар алып, асыл тұқымды репродуктор салынды. «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 117 бас қамбар ата төлі, ал «Алтын асық» бойынша 327 қой алынды.

Кейін аудан тұрғындары өз сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Ең алдымен талай жылдан бері жол азабын тартып келе жатқан Мектеп ауылының тұрғындары жазбаша түрде өз базынасын жеткізген. Елді мекен тұрғындарына шұрық-тесік жолмен жылдың қай мезгілінде болмасын жүру ыңғайсыз. Мәселе алдағы уақытта түпкілікті шешілмек.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Осы ағымдағы жылы 161 млн теңге бөлініп жөнделеді. Бұл жолдың шыныменде маңызы өте зор. Мектеп ауылының тұрғындарының басқа шығар жолы жоқ. Былтыр мен өзім қыста барғанда алдымда 3 к-700 жүріп тазалады. Оңай емес, барлығын түсінемін. Ол жолдың өзі өте нашар. Күрделі жөндеу керек. Биыл жазда жөндеп береміз жолды.

Бұдан кейін кезек шағым, ұсыныс-тілектерін айтуға келген аудан тұрғындарына берілді.

Ермек Сақыпкереева – Волошинка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:

-Мектебіміздің шатырын жөндеу қажет. Су ағады. Бүгіндері жобалық-сметалық құжатын әзірледік. Енді, қаржы керек болып тұр.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша барлық қаржы жоспарланып қойылды. Алайда, қазір қосымша қаржыға біз қажетті шығындарды қарастыратын боламыз. Сонда мектептің жағдайы да есепке алынады. Ғимаратты жөндеудің реті туады деп ойлаймын.

Жиында бұдан бөлек жалақы және ауыз суға қатысты сауалдар келіп түсті. Олардың барлығы бақылауға алынады.
Бұдан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов аудандағы кей шаруалардың жөнді жүргізілмей жатқандығына тоқталып, оларды шешу қажеттігін тапсырды.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Мал шаруашылығы саласында жұмыстар жөнді атқарылмай келеді. «Сыбаға»жобасын орындауға қарқын қосу қажет. 2-ші жыл қатарынан «Ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы жоспарға сай іске аспай келеді. Бірде-бір бордақылау алаңы құрылмаған. Бұған аса мән берген жөн. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу дамымаған. Макарон және ұн өндірісі азайған. Осы шаруаларды реттеуге баса назар аудару керек.

Осыған дейін бар әлемге жар салған «Әулие голд майнинг» кәсіпорнының жұмысы да мардымсыз болып шықты. Зерттеу жөнді жүргізілмегендіктен, кен орнындағы технология дұрыс болмай шыққан. Салдарынан өндіріс қуаттылығын жоғалтыпты. Алдағы уақытта технология жаңартылып, жұмыс қайта жанданбақ.

 

 

Магжан Ахмадина