Спорт

Әуесқойлар арасында конькиден жарыс өтті

Мәдениет Сағындық, жарысқа қатысушы:

-Ұйымдастырушыларға рақмет айтамын. Бойды сергітетін мұндай сайыстар біз үшін керек-ақ. 500 м қашықтыққа жүгіріп, мәреге бірінші жеттім.

Бүгін мұзайдынға жастармен бірге аяқтарына конькиін байлаған қарияларға дейін шығыпты. Мәселен, Есілбай Омаров биыл 56 жасқа келеді. Десе де бос уақытының басым бөлігін мұз айдынында өткізеді.

Есілбай Омаров, жарысқа қатысушы:

-Салауатты өмір салтын ұстансаң, денсаулығың да оңайлықпен сыр бере қоймайды. Сондықтан, бүгін кәрі-жастың барлығы қатысып жатқандығы қуантады.

Жарысқа қатысуға 200-ге жуық азамат ниет танытқан. Олардың басым бөлігі ерлер, мұзда еркін сырғанайтын нәзікжандылар саны саусақпен санарлық. Бастысы, спорт күні мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға барлық петропавлдық тұрғын қатыса алады.

Виктор Бестик, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы:

-Бүгін Қарасай стадионында конькимен жүгіру бойынша сайыс өтуде. Бірінші – ерлер 500 м, одан кейін әйелдер 300 м қашықтыққа жүгіреді. Мұндай сайысты жыл сайын кәсіби спортшылар арасында өткізетінбіз, биыл бірінші рет әуесқой қатысушылардың арасында ұйымдастырылуда.

Жарыс жеңімпаздары диплом және медальдармен марапатталды.

 

Акбопе Танирберген