Қоғам

2015 жылы өңірімізде 48 жетім бала асырап алынды

Аделия Құсайынова:

-Мен 5-ші мектептің 4-ші сыныбында оқимын. Билегенді ұнатамын. Бірақ болашақта аудармашы болсам деймін. Ағылшын тілін жақсы білемін. Бағаларым да жоғары. Біз атам, әжем үшеуіміз тұрамыз. Демалыс күндері ағаларым келеді. Барлығымыз көңіл көтеріп, әңгімелесеміз.

Ал мына гитара пайдаланусыз тұр дейді кішкентай ару. Өйткені, оны үйрететін ешкім жоқ.
Есесіне Аделия зияткерлік ойындарды жақсы біледі. Атасы екеуі сағаттап дойбы ойнайды екен. Қария болса, немересін мектепке және конькимен сырғанауға апарып тұрады. Кешкілік уақытта ол Аделияға үй тапсырмасын орындауға көмектеседі.

Марат Сағындықов – Аделияның атасы:

-Мен үйде немереме сабақ оқуға көмектесемін. Әсіресе, математика пәні қиындау. Сондықтан, екеуіміз жарысып тест тапсырмаларын орындап, есеп шығарамыз. Бұл әдіс Аделияның бойында сабаққа деген қызығушылығын оятады. Кейін ойын ойнап, сергиміз. Далада таза ауада демалып қайтамыз.

Қарт ерлі-зайыптылар уақыттарының көп бөлігін немерелерімен өткізеді. Өйткені, кішкентай қыздың анасы обыр ауруынан көз жұмған. Ол кезде Аделия небары 2 жаста ғана болыпты. Содан бері оны атасы мен әжесі өз тәрбиелеріне алған.

Үміт Сағындықова – Аделияның әжесі:

-Аделия қызымыз өте ақылды. Атасы мен әжесінің көмекшісі. Сабағын да жасап үлгереді. Үйде маған да қолғабыс етеді. Барлығымыздың басымыз қосылса, уақытымыз тез өтіп кетеді. Демалыс күндерін де тиімді етуге тырысамыз. Күн сайын үшеуіміз жаттығу жасап, гимнастикамен шұғылданамыз. Балапанымыздың ертеңі үшін барлық жағдай жасауға тырысып жатырмыз.

Сағындықовтардың екі ұлы бар. Олар шаңырақ құрып, ата-аналарынан бөлек шыққан. Бірақ, Аделия атасы мен әжесін жабырқатпайды. Олар үшін ән де салып, би де билеп береді.

Бүгінде облысымызда ата-ана қамқорынсыз қалған 1500 жетім бала бар. Өткен жылы 93 кішкентай солтүстікқазақстандық өз отбасына оралған. Бұл – өте жақсы көрсеткіш дейді білім басқармасының мамандары. Сондай-ақ, биыл тағы 48 баланы асырап алған. Арасында шетел асқандар да бар.

Ғалия Ілиясова – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

-Бүгінде бізде бала асырап алғысы келетін 94 отбасы кезекте тұр. Бірақ, олардың барлығы бірдей 3 жасқа дейінгі сәбилерді алғысы келеді. Бір қуантатыны, қазір бізде шақалақтарды тастап кету жағдайлары жоқ. Сондықтан, мұндай жастағы балалар бізде сирек кездеседі.

Статистикаға сүйенсек, мемлекеттік үй-жайға орналастырылған балғындардың көбі – әлеуметтік жетімдер. Яғни, олардың ата-аналарының көзі тірі, бірақ бауыр еті балаларынан бас тартқан немесе темір тордың ар жағына қамалған жандар екен.

 

 

Айгерим Ержанова