МТРА жаңалықтары

Жұмысшы кентіндегі 8 пәтерлі баспанадан өрт шықты

Екатерина Бойко – Лозовский көшесі, 3-үйдің тұрғыны:

-Өрттің неден шыққанын білмеймін. Бастасы құжаттар мен бағалы заттарды шығарып үлгердік. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетті.

От тұрғындардың сырт киімдерін, жиһаздарын шарпыған. Үйдің төбесі жанып, опырылып түсіпті. Жалпы бұл баспанадағы 8 пәтерде 20-дан астам адам тұрып келген. 7-уі – балалар. Олардың барлығы бір түнде-ақ үй-күйсіз далада қалды.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД бас маманы:

-Өрт жайлы ақпар түнгі 1-ден 24 минут кеткенде келіп түсті. От 4-ке таман ауыздықталды. Баспананың шатыры толығымен жанып кетіп, пәтерлер зардап шекті. Құтқарушылар өз өмірін қауіпке төндірді. Өйткені, үйден 7 газ балоны шығарылды.

Өрттен кейін 12 сағаттан астам уақыт өтсе де оқиға орнында әлі де өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Олар оттың шығу себебін анықтайды. Тілсіз жау әкелген шығынды есептейді. Ал билік өкілдері зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созбақ.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Қалалық әкімдікте арнайы штаб құрылып, баспана тексерілуде. Зардап шеккендерге уақытша үй беру мәселесі қарастырылуда. Өрт жиһаздарға қатты залал тигізді. Қазірдің өзінде кәсіпкерлер көмек көрсетуге даяр. Киім-кешек жинайтын пункттер пайда болады. Олар жайлы кейінірек хабарлайтын боламыз.

Әзірге, тұрғындар туған туысқандары мен таныстарын жағалауда. Оларға қалалық әкімдік уақытша үй тауып беруге уәде беруде. Бұдан бөлек, баспана иелеріне 100 АЕК көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек беріледі. Ол 200 мың теңгенің шамасында.

 

Магжан Ахмадина