МТРА жаңалықтары

Қазан айынан бері Петропавлдан 337 мың текше метр қар шығарылды

Виктор Ли – «СУ-808» ЖШС атқарушы директоры:

-Біздің серіктестік 2-ші Заречное көшесін қардан тазалап жатыр. Бұл мақсатта 20 бірлік техника шығарылды. Оның 11-і – камаз. Жұмысымыз күндіз де түнде де жүреді. Мұндай сенбіліктерді алдағы уақытта тағы өткізетін боламыз. Өйткені, биыл қар көп түсті.

Бұл сәтті тұрғындар да ұтымды пайдалануда. Үй маңында жиналған қарды олар көшеге шығарып тастап жатыр.

Евгений Мамонтов – Заречное кентінің тұрғыны:

-Өзім бұл ауданда 40 жылдан бері тұрамын. Қар тазалаушылар таң атқаннан бері жұмыс істеуде. Қызметкерлерді көріп, далаға шығып, үй маңындағы қарды жолға қарай тасып жатырмын. Олар оны техникамен қала сыртына шығарады.

Жалпы, Петропавл қаласының көшелерінен өткен жылдың қазан айынан бастап 337 мың текше метр қар шығарылыпты. Егер көлік санымен айтсақ, бұл шамамен 19 мың Камазды құрайды. Істі жергілікті 5 кәсіпорынның жұмысшылары атқаруда. Олардың 3-еуі түнгі уақытта, ал қалған 2-уі күндіз жұмыс істейді.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

 

-Бүгін таңғы сағат 8-ден қар тазалайтын 5 кәсіпорын белгіленген көшелерде жұмыс істеп жатыр. Биыл өткен жылға қарағанда қар екі есе көп жауды. Яғни, жұмысымыз да екі есеге артты деген сөз. Сондықтан, көктемде шеткі аудандарды су басып қалмау үшін арнайы сенбілік ұйымдастырудамыз.

Бүгінгі қар тазалау жұмыстарына жалпы саны 120 техника және осынша адам жұмылдырылған.

Айгерим Ержанова