Спорт

Биыл СҚО-да 91 спорттық нысан бой көтермек

Сергей Кручина – СҚО велосипед спортынан аға жаттықтырушы, ҚР еңбек сіңірген бапкері:

-Біздің солтүстікқазақстандық велоклуб 421 ұпайды еншіледі. Осылайша елімізге олар екі лицензия алып берді. Оған бірінші үміткер – Алексей Луценко. Сондай-ақ, жерлесіміз Бахтияр Қожатай мен павлодарлық Андрей Зейц бар. Олимпиададағы тау трассасына біздің шабандоз шығады деп үміттенемін. Өйткені, Бахтияр Қожатай – сол саланың мықтысы. Ал Луценко екі дистанцияда сыналмақ. Сондай-ақ, қазір трек жарысында ел намысын қорғайтын спортшы таңдалуда. Жолдама біреу ғана. Оны жерлесіміз Артем Захаров иеленетін шығар.

Бүгінде өңірде барлығы 3 мыңға жуық спорттық нысан бар екен. Биыл олардың саны арта түспек.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-Қазіргі уақытта Шал ақын ауданының Жаңажол және Қызылжар ауданының Новоникольск ауылдарында спорт кешендері тұрғызылуда. Сондай-ақ, дәл осындай нысан Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында салу жоспарланған. Ал Тимирязев және Айыртау аудандарында жабық хоккей корттары бой көтермек.

Жалпы ағымдағы жылы облысымызда 91 спорттық нысан ашылмақ. Оның ішінде шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңдары мен 3 жаттығу кешені бар.
Ал Петропавлдағы Спорт сарайының маңында алдағы уақытта құны 700 млн теңге болатын әмбебап теннис орталығы бой көтермек.

-Сондай-ақ, облыс орталығында жабық футбол манежы салынады деп жоспарланған. 3,5 млн еуро тұратын жобаға қаржыны Еуропалық футбол ассоциациясы одағы бөліп отыр. Бірақ, әзірге алаңның қай жерде орын тебетіні белгісіз.

 

 

 

Айгерим Ержанова